Зардап шеккен Өзбекстан азаматтары шекарадан аман-есен өтті
Автокөліктерде екі қаза тапқан адам бар

14 мамырда түнгі сағат 02-00-де Өзбекстан ТЖ министрінің орынбасары Азизбек Рахимович Латифжонов бастаған жедел топ колоннамен Жамбыл облысы Жуалы ауданынан сегіз жедел медициналық жәрдем көлігі және бір "Ванхолл"маркалы жолаушылар автобусымен Өзбекстан Республикасына жөнелтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автокөліктерде он үш зардап шеккен адам, уақытша орналастыру пунктіндегі жеті және екі қаза тапқан адам бар. Өзбекстан ТЖ министрінің орынбасары Жамбыл облысындағы әріптестеріне және өз отандастарын құтқаруға жұмылдырылған барлық қызметтерге алғысын білдірді. Таңғы сағат 07-15-те колонна Қазақстан Республикасының шекарасынан өтті. 1980 және 1965 жылдары туған Өзбекстанның екі азаматы Жуалы ауданы ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 12 мамырында сағат 15:46-да Жамбыл облысының Жуалы ауданында "Алматы-Ташкент" автожолының 571 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Салдарынан екі адам оқиға орнында қайтыс болып, он алты адам түрлі жарақаттармен Жуалы ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Салонда барлығы 51 адам болды, оның 46-сы Өзбекстан Республикасының азаматтары. Жамбыл облысы ТЖ департаментінде "жедел желі" телефоны жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен Мәдениет үйінің базасында эвакопункт және ыстық тамақ ұйымдастырылып, оған 32 адам орналастырылған болатын.