Еліміздегі әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алу саласына тиесілі
2020 жылдан бастап биылғы 1 тоқсанға дейін бұл салада 418 қылмыстық іс тіркелген

Еліміздегі әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алу саласына тиесілі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшылығы сатып алу саласындағы жүйелі проблемалар туралы бірнеше рет айтқан болатын. Биыл 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте Президент жылдар бойы сыбайлас жемқорлық пен ысырапшылық бюджет процесінің барлық кезеңдерінде байқалып отырғанын айтты. Қабылданған шаралар да бұл жағдайды айтарлықтай өзгертпеді. Осыған байланысты ол мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жүйесін қайта қарауды тапсырды», - деді Ұ. Сарқұлов.
Статистикаға сәйкес, бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі шамамен 30%-ға жетеді. Ал бұл Қазақстанның ЖІӨ құрылымында шамамен 5%-ды құрайды және нарыққа айтарлықтай экономикалық әсерін тигізеді.
«Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қатерін күшейтеді. Әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы дәл осы салада жасалады. Мәселен, 2020 жылдан бастап биылғы 1 тоқсанға дейін 418 қылмыстық іс аяқталды және 162 адам сотталды. Талдау көрсеткендей, бұл қылмыстардың 80%-ы орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезінде бюджет қаражатын ұрлаумен және парақорлықпен байланысты», - деді Ұлан Сарқұлов.