Түркістан облысында дәрілік шөпті заңсыз қазған шетелдіктер ұсталды
130-дан астам шетел азаматы елімізде заңсыз жұмыс істеп жүрген

Түркістанда полицейлер кеурек дәрілік шөбін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 130-дан астам шетелдікті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түркістан облысының полицейлері рейд кезінде Арыс, Сарыағаш және Отырар аудандарының аумақтарында далалы жерлерде өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік «кеурек» (ферула) шөбін заңсыз қазғандарды ұстады. Отырар ауданында 33 (Тәжікстан) және Арыс ауданында - 101 (Өзбекстан) заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер анықталды», деп көрсетті Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша жауапқа тартылып, 100-ден астам шетелдік әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар «Кеурек» шөбін қазуға заңсыз шетелдік жұмыс күшін тартқан Қазақстан Республикасының 2 азаматы анықталып, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабымен «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бойынша хаттама толтырылды.