Сенат Спикері «Орталық Азия-Ресей» парламентаралық форумына қатысты

Azattyq Rýhy

Мәулен Әшімбаев Орталық Азия және Ресей парламентшілеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтып берді

Сенат Спикері «Орталық Азия-Ресей» парламентаралық форумына қатысты
фото senate.parlam.kz

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды. Сапар барысында Сенат Спикері алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық Азия-Ресей» парламентаралық форумына қатысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқан кездесудің маңызы зор екенін атап өтті.

«Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән беріп келеді. Осы жылдар ішінде елдеріміздің Тәуелсіздігін өзара құрметтеуге, тату көршілікке және бір-бірімізді үнемі қолдауға негізделген мемлекетаралық диалогтың озық үлгісі қалыптасты», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған қазігі кезеңде парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты. Бұл орайда Қазақстанның ұстанымы өзгеріссіз қалады. Ол қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігіне және халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттары негізінде халықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екендігіне табан тірейді. Сондықтан Қазақстан келіссөздер жүргізу процесін ілгерілету бойынша кез келген бастаманы қолдайды.

«Біз Орталық Азияның бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу өңірі болып қалуына мүдделіміз. Өкінішке қарай, өңірде Ауғанстандағы жағдайға, есірткі трафигіне, шекара маңындағы келеңсіздіктерге, су ресурстарының шектеулігіне және экологияға байланысты бірқатар өзекті проблема мен сын-қатерлер бар. Парламентаралық диалог аясында осы және басқа да мәселелерді талқылап, оларды шешу бойынша ортақ конструктивті тәсілдерді қолға алуға мүмкіндік туады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Форумға қатысушы әріптестеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңінен айтып берді.

«Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға арналған. Осыған орай Конституцияның үштен біріне түзетулер енгізу және жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау көзделіп отыр. Ал алдағы референдум әрбір азаматқа конституциялық реформаға тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, демократияландыру жолындағы бағдарымызды нығайта түседі», – деді Сенат Төрағасы.

Форумда қатысушылар медициналық дипломатия тақырыбын кеңінен талқылады. Бұл соңғы жылдарда өзектілігі арта түскен жаңа бағыттардың бірі екені белгілі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметтері бойынша, өткен жылдың соңына қарай пандемияға байланысты әлемдік экономиканың жалпы шығыны 7 трлн долларды құраған. Салдарынан қайтыс болғандардың саны 6,2 миллионнан асты. Мәулен Әшімбаев қазір пандемиядан дұрыс қорытынды шығару және болашақта жаңа сын-қатерлерге дайын болудың маңызды екеніне назар аударды.

«Келесі жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының негізгі құжаттарының бірі Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл толады. Соған байланысты 2023 жылы парламентшілердің қатысуымен медициналық дипломатия бойынша дөңгелек үстел өткізудің берері мол деп есептейміз», – деді Сенат Төрағасы.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев әріптестерін өңірдің экологиялық проблемаларын шешу үшін ынтымақтаса отырып, жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, ол Аралға байланысты экологиялық мәселені еңсеру үшін тізе қосып әрекет етудің және өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өте маңызды екеніне тоқталды.

Жалпы Форумға Түрікменстан Халк Маслахаты Милли Генгешінің төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасы Жогоргу Кенешінің төрағасы Талант Мамытов, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко, Тәжікстан Республикасы Маджлиси милли Маджлиси Олиінің төрағасы Рустами Эмомали және Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева қатысты.

Жұмыс сапары кезінде Мәулен Әшімбаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері түрікмен көшбасшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ кездесуде екі елдің парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері әңгімеге арқау болды.

Сонымен бірге Қазақстан Сенатының Төрағасы Түрікменстан Халк Маслахаты Милли Генгешінің төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Онда Парламент бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және дамыту басымдықтары сөз болды. Тараптар логистикалық мәселелерді де қозғады. Геосаяси шиеленістер жағдайында теміржол, автомобиль, су көлігі саласындағы бірлескен жұмыстың қарқынын арттыру жайы да назардан тыс қалған жоқ.

«Бірыңғай қолайлы тарифтік саясат жүргізу «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» және «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан» бағыттары бойынша жүк ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты бұл – өзекті мәселе. Сондықтан парламентшілер осы және басқа да бағыттар бойынша туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесу үшін мемлекеттік органдармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде парламентаралық өзара іс-қимыл қазақ-түрікмен қатынасындағы тұрақтылық факторларының бірі екені айтылды. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ, екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді тағы бір пысықтау үшін парламенттік дипломатияның әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігіне де тоқталды.

Мәулен Әшімбаев сол күні Тәжікстанға Қазақстан Парламенті Сенаты мен Тәжікстан Маджлиси милли Маджлиси Олиі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысына қатысу үшін Душанбеге аттанды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.