Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы екі есе артады – ИИДМ
Бұл туралы екі ел Президенттерінің Анкарадағы кездесуінде белгілі болды
13 мамырдан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы жолаушылар әуе тасымалы екі есеге артады. Бұл туралы Azattyq Rýhy Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Осы айда екі елдің авиациялық билігі әуе тасымалын одан әрмен арттыру мен ұшу географиясын кеңейту бойынша келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен Р.рдоғанның Анкарада өткен шағын құрамдағы кездесуі кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
ИИДМ басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Түркия арасындағы авиация саласындағы ынтымақтастық артып келе жатқандығын баяндады. Бүгінде әуе қатынастары бойынша Үкіметаралық келісім негізінде елдер арасындағы тұрақты рейстердің жиілігі бойынша аптасына 61 жолаушылар рейсі орындалуда.
Атап айтқанда, осы мерзім аралығында отандық Air Astana, Fly Arystan және SCAT әуе компаниялары 37 рейс орындаса, түркиялық Turkish Airlines және Pegasus компаниялары 24 рейс жүзеге асыруда. Жолаушылар Ыстанбұл мен Анкараға және кері қарай Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Түркістан қалалары арқылы ұша алады.
Енді 13 мамырдан бастап ұшу саны аптасына 63 рейске артпақ. Сәйкесінше, елдер арасындағы апта сайынғы рейс саны 124-ке дейін өсетін болады.
«Биылғы жылдың 13 мамырынан бастап Анталия және Бодрум бағыттарында қатынайтын Air Astana, SCAT, Turkish Airlines әуе компанияларының рейс саны біртіндеп артатын болады. Қосымша рейстер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Орал, Шымкент және Өскемен арқылы іске асырылады», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Мәселен, SCAT Анталияға аптасына 29 жаңа рейсті Нұр-Сұлтан (аптасына 7 рейс), Алматы (6), Ақтөбе (3), Атырау (3), Шымкент (2), Қарағанды (2), Орал (2), Қостанай (2), Ақтау (1), Өскемен (1) қалаларынан жүзеге асырады. Ал Air Astana Нұр-Сұлтан және Алматыдан Анталия (7 рейстен) мен Бодрумға (2 рейстен) аптасына 18 рейс жасамақ.
Turkish Airlines Анталияға аптасына 16 рейсті Нұр-Сұлтан (5 рейстен), Алматы (4) және Қарағандыдан (3) және Бодрумға Нұр-Сұлтан (2 рейстен) мен Алматыдан (2) орындайды.
Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, биылғы жылдың мамыр айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекеттер арасындағы әуе тасымалын одан әрмен арттыру мен ұшу географиясын кеңейту бойынша екі елдің әуе билігі өкілдерінің келіссөз жүргізу ұсынған.
Өз кезегінде бастама қолдау тауып, келіссөздер осы жылдың шілде айында Ыстанбұл қаласында өтеді.
Еске салайық, COVID-19 пандемиясына дейін Қазақстан мен Түркия арасында аптасына 65 әуе тасымалы жүзеге асырылған.