Қазақстан мен Германия арасындағы әуе рейстерінің саны артады
Оның ішінде Орал – Франкфурт бағыты бойынша рейстер де бар
Шілде айынан бастап Қазақстан мен Германия арасында аптасына 15 рейс жүзеге асырылатын болады, оның ішінде Орал – Франкфурт бағыты бойынша рейстер де бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен карантин шектеулерінің әлсіреуіне байланысты ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе қатынасын қалпына келтіру және әуе рейстерін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Осылайша, 2022 жылдың 15 мамырынан бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясы А321LR үлгісіндегі әуе кемесінде Нұр-Сұлтан – Франкфурт бағыты бойынша әуе рейстерін аптасына 5-тен 6 рейске дейін, сондай-ақ 1 маусымнан бастап 6-дан 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Бұдан басқа, 2 маусымнан бастап «Lufthansa» авиакомпаниясы А330/А340 әуе кемесімен Франкфурт – Нұр-Сұлтан/Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстер санын аптасына 4-тен 5 рейске дейін, 4 шілдеден аптасына 7 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр», - делінген ҚР ИИДМ хабарламасында.
Барлық рейс санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуекомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес жүзеге асырылатын болады. Әуе рейстерінің ұлғаюы екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына, сондай-ақ туризмнің дамуына ықпал етеді деп болжам жасалып отыр.