Жеткілікті шек көтерілгелі бері қанша адам зейнетақы жинағын пайдалана алды

Azattyq Rýhy

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге

Фото: vechastana.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 1 сәуірден бері қанша салымшының зейнетақы жинағын пайдаланғанын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2022 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалануға 1 321 017 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңгеден астам қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,74%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,52%), Маңғыстау облысының (10,40%) тұрғындары тарапынан жолданған.

«Айта кетерлік жәйт, 2022 жылдың сәуір айында жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге барлығы 3 276 өтініш орындалды. Сондай-ақ уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 422,0 млрд теңгеден аса қаражат қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған», - делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Сонымен қатар, БЖЗҚ емделуге берілген 295,9 млрд теңгеге 383 191 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома – шамамен 0,8 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан 28,1 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

«2022 жылдың сәуір айында жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 2 195 өтініш орындалды», - делінген хабарламада.

Бұдан өзге, инвестициялық портфельді басқарушыларға 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 869 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,5 млн теңге.

Еске салсақ, 1 сәуірден бастап әрбір жас санаты үшін жинақталған зейнетақы қаражатын алудың жеткілікті шегі екі есеге өскен болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.