Украинада 3,3 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты – БҰҰ
Сондай-ақ 3680 адам жараланған
БҰҰ мәліметінше, Украинада 24 ақпаннан бері 3381 бейбіт тұрғын қаза тауып, 3680 адам жараланған. Бұл туралы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының (БҰҰ БЖКБ) мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәлімдемеде 24 ақпан мен 8 мамыр аралығында Донецк мен Луганск облыстарының Киев бақылауындағы аумақтарында 1699 адамның қаза тапқаны, 1441 адамның жараланғаны айтылған. Ал Киев бақылауынан тыс аумақтарда 111 адам қаза тауып, 443 адам жараланған.
Украинаның өзге аймақтарында 1571 адам қаза тауып, 1796 адам жарақат алған.
Адам өлімі мен жаралану деректерінің басым көпшілігіне ауыр артиллерия мен дүркін-дүркін зымырандық шабуылдардың жасалуы, сондай-ақ зымырандық және әуе соққылары салдарынан үлкен аумақты қамтитын оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардың жарылуы себеп болған.
БҰҰ адам өліміне қатысты нақты сандар әлдеқайда көп екенін атап өтті, өйткені қиян-кескі ұрыс жалғасып жатқан кей жерлерден ақпарат кешіктіріліп жатыр әрі көптеген дерек әлі де расталған жоқ.
Мысалы, Мариупольде (Донецк облысы), Изюмде (Харьков облысы) және Попаснаяда (Луганск облысы) көптеген бейбіт тұрғынның құрбан болғаны туралы деректер бар.