Даниал Ахметов: Майдангерлердің есімі мен ерлігі ұмытылмайды
Мереке қарсаңында ардагерлерге 1,5 миллион теңгеден табысталды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрмат Рақымовты облыс орталығының тұрғындары жақсы біледі. Ардагер 1942 жылғы 2 мамырдан бастап жауынгерлік іс-қимылдарға қатысып, бүкіл майданнан өтті, Литва және Беларусь республикаларын азат етуге қатысқан.
Ал Терентьевка ауылының тумасы Степан Мишин 17 жасында майданға аттанып, жеңіске дейін неміс-Литва бандаларын жоюға қатысты. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін зауытта штамптаушы болып жұмыс істеді.
Жақында жүз жасқа толған тыл еңбеккері Анна Лабкова болса соғыс жылдарында үй қолөнерінде де, артельдерде де жұмыс істеген. "ҰОС жылдарындағы ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды. Тағы бір тыл еңбеккері Масара Нұрғазина ақындығымен қатар мұғалімдікті қатар алып жүріп, ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен. Бүгін мереке қарсаңыңда оларға аймақ басшысы 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықты табыс етті.