Соғыс және тыл ардагерлері пойызбен тегін жол жүре алады
Мұндай акция елімізде 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді
Қазақстандағы барлық ҰОС ардагері мен тыл еңбеккері пойыздарда тегін жүре алады. Бұл акцияны «Жеңіс» жобасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» және Қазақстан темір жолы ҰК бірлесіп өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Акция Қазақстан мен ТМД елдері аумағындағы пойыздардың Қазақстан темір жолы қызмет көрсететін бағыттарын қамтиды. Бұл мүмкіндікті 1935 жылдың 31 желтоқсанына дейін туған ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, тыл еңбеккерлері мен еңбек майданының қатысушылары пайдалана алады.
Акция 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Тек өткен жылы тегін сапарлар 550-ден астам рет пайдаланылды.
2022 жылғы науқан маусым айының соңына дейін жарамды. Алайда ол тағы бір жылға ұзартылуы ықтимал.
Науқан бойынша жол жүру құжаттарын рәсімдеу үшін билет кассасына жеке басты куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және Ұлы Отан соғысы ардагерінің немесе тыл еңбеккерінің куәлігін ұсыну қажет. ТМД елдеріне барған кезде тегін жол жүру құжаттары тек Қазақстан аумағында орналасқан сату пункттерінде рәсімделеді.