Ақтөбеде 500 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 26,5 миллион гектардан астам
Ақтөбе облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 500 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне арналған жиын барысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 26,5 миллион гектардан астам, оның ішінде жайылымдық жерлер – 24,8 млн гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы айналымына 12,5 млн гектардан астам жер пайдаланылады. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің 524,8 мың гектары жалға беру шарттарын мерзімінен бұрын бұзу арқылы мемлекеттік жер қорына қайтарылды, оның 39,2 мың гектары – егістік жерлер.
«Ауыл шаруашылығы қорының пайдаланылмай жатқан жерлерін анықтап, мемлекет пайдасына алып қоюмен бірге, оның ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.