Ақтөбе облысында полицияға пара берген екі жүргізуші жауапқа тартылды
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды
Ақтөбе облысында полицияға пара берген екі көлік жүргізушісі жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәліметке сәйкес, 3 мамырда Ақтөбе көшелерінің бірінде "Камаз" жүк көлігі тоқтатылған. 62 жастағы жүргізуші жол жүру ережесін бұзған. Тәртіпбұзушылық бір жыл ішінде екінші рет қайталанып отыр. Сол үшін 30 630 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бірақ Алға қаласының тұрғыны полицияға пара ұсынған. Ал тәртіп сақшысы арыз жазған. Жүргізуші тергеуге алынды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі ("пара беру") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Сол күні "Ваз 21102" жүргізушісі де полицейге пара беруге тырысқан. Бірақ ол да тергеуге алынды.