«1 мамырда бірнеше өңірде митинг өткізуге рұқсат берілді» деген ақпарат жалған – Бас прокуратура
Бас прокуратура заңға сүйенбей митингілер ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы екенін ескертеді
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев «Прокуратура туралы» заңның 31-бабына сәйкес қазақстандықтарға үндеу жолдап, «1 мамыр күні еліміздің бірнеше өңірінде митинг өткізуге рұқсат берілді» деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлеуметтік желіде жекелеген тұлғалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларының әкімдіктері биыл 1 мамырда Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты митингілер өткізуге келісім берген деп жалған хабарламалар тарап жатыр. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл күні әкімдіктер елді мекендердің орталық алаңдарында «Қазақстан халқының бірлігі күнін» мерекелеуге арналған мәдени-бұқаралық іс-шараларды ғана өткізуді жоспарлап отыр», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Бас прокуратурадан митингті ұйымдыстыру заң шеңберінде жүзеге асу керектігі айтылды.
«Жиналыстарды, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі көзделген. Алайда ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға жоғарыда аталған қалаларда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы тиісті хабарламалар бермеген не олар бойынша келісуден бас тартылған. Яғни ертең (1 мамыр) заң тәртібімен ұйымдастырылатын бейбіт жиналыстар өткізу жоспарда жоқ», - дейді құзырлы мекемеден.
Аталған ведомство заңға сүйенбей митингілер ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы екенін ескертеді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке қамаққа алуға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді», - деп мәлімделген.
Осы орайда Бас прокуратура азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады. Одан бөлек, ресми ақпаратта құқық қорғау органдарының белгіленген тәртіпке сай, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кесетінін және оған жол бермеу бойынша заңда көзделген шаралардың қабыданатыны айтылған.