Елордалық көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізіледі?
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 23 216 көпбалалы отбасы әлеуметтік көмек алды
Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау үшін жан-жақты жағдай жасалып жатқаны белгілі. Биыл елордада 23 216 көп балалы отбасы әлеуметтік жәрдемақымен қамтылды. Оның ішінде: көп балалы ана алқасын алғандар - 5375, Алтын алқа – 1639, Күміс алқа-3217, "Батыр Ана" атағы барлар – 272, "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғандар 247 ананы құрады.
Azattyq Rýhy тілшісі қаладағы көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қамтылуы, тұрғын үй мәселесі мен елордалық көпбалалы аналардың негізгі мәселесі туралы қала әкімдігінен сұрап білді.
Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың шарттары қандай?
Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары немесе 23 жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға отбасы табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы ай сайын төленіп отырады.
«Көпбалалы отбасыларға айына (АЕК – 3 063 теңге) төленеді. Атап айтар болсақ: төрт балаға - 49 100 теңге; бес балаға - 61 383 теңге; алты балаға - 73 665 теңге; жеті балаға - 85 948 теңге; сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК немесе 85 948 теңге төленеді. Сондай-ақ қалалық жолаушылар көлігі маршруттарында тегін жүру (таксиден басқа), АӘК алушы көп балалы отбасыларға екі жылда бір рет стоматологиялық протездеу қызметі тегін көрсетіледі.
Қатты отын сатып алуға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы күнкөріс деңгейінің 4 бірліктен аспайтын табасы бар (168 756 тенге), басқа тұрғын үйі жоқ, оның иелері (жалдаушылары) болып табылатын, жергілікті (пештік) жылытуы бар жеке тұрғын үйлерде тұратын көп балалы отбасыларға көрсетіледі. Өтемақы 16 АЕК мөлшерінде (49 008 теңге) жылу мерзіміне төленеді.
Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге 4 төмен күнкөріс деңгейінен (168 756 теңге) аспайтын жан басына шаққандағы табысы болған жағдайда қаланың жоғары оқу орындарында күндізгі нысанында оқу ақысын төлеу үшiн қаланың жалпы бiлiм беретiн мектептер түлектерiне ақшалай төлем түрінде әлеуметтік көмек беріледі», - делінген әкімдік ақпаратында.
Көпбалалы аналардың арасында тұрақты тіркеуі болмағандықтан әлеуметтік көмек пен баспана кезегіне тұра алмау туралы шағым көп айтылады. Қала әкімдігі көпбалалы аналарды баспанамен қамту мәселесіне тоқталды.
«Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде 49 830 азамат тұр,оның ішінде 5 573 азамат көп балалы отбасы. Кезекте тұрған көп балалы отбасылар 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасының бірнеше бағыты бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, кезекте тұрғандар қатарынан аз қамтылған отбасыларға ҚТҚЖБ кредит беру, кредиттік тұрғын үй салу және т. б. бойынша тұрғын үй сатып ала алады.
Сатып алу құқығынсыз әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру шеңберінде тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде кезектілік тәртібімен кезекте тұрған көп балалы отбасыларға беріледі. Өткен жылы 2 476 пәтер - жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 84 ; халықтың әлеуметтік осал топтарына - 383 пәтер, көп балалы отбасыларға - 379 пәтер берілді.
Сондай-ақ, әкімдікпен 1,5 миллион теңге көлеміндегі бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. 2020 жылы осы бағыт бойынша 340 отбасы тұрғын үй алды. 2021 жылы "Отбасы банк" АҚ 1 037 азаматты (оның ішінде мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 609 отбасы, 333 көп балалы отбасы, 95 толық емес отбасы) іріктеу рәсімін өткізді. Сондай-ақ, бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын ұсыну қарастырылған», - делінген әкімдіктің берген ақпаратында.
Ағымдағы жылы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 585 адамға жаңа жобаларды іске асыруға мемлекеттік гранттар, оның ішінде 97-сі осы көп балалы отбасыларға берілген.
«Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды, көшеттер мен коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері, сондай-ақ сауда объектілерін, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілер аумағында бағдарламаға қатысушының бизнес-жобасын іске асыру үшін ғимараттарды жалға алу ақысы ретінде берілген. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне берілмейді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі.