Ақмола облысында жыл басынан бері 33 бала жоғалды
26 сәуірде полицейлер 4 жасар бүлдіршінді тауып, туыстарына жеткізген
Ақмола облысында жыл басынан бері 33 бала, оның ішінде Көкшетау қаласында 17 бала жоғалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
28 сәуірде Көкшетау қаласының 7 жасар тұрғыны үйінен шығып, мектепке дейін жетпеген. Туыстары бірден полиция қызметкерлеріне жүгініп, патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарын бастады. Көп ұзамай ата-аналары баланы туыстарынан аман-есен тауып алды. Бала мектепке кешігіп қалып, сабақтың аяқталуын күткен.
«Жалпы, төрт айда облыс бойынша кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кеткендердің 33 фактісі тіркелді. Оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша – 17 бала», – деді Ақмола облысы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Айнагүл Қуандықова.
Ерекше жағдай 26 сәуірде болды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының кезекші бөліміне сағат 19:30 шамасында жас бала жеткізілді. Ер адам баланы Уәлиханов-Мира көшелерінің қиылысының жолынан тауып алған. Бала жалғыз болған. Баланың аты Әлішер, ал жасы 4-те екені анықталды. Әңгіме барысында бүлдіршін әжесін атап, полиция қызметкерлеріне үйін көрсетті.
Нәтижесінде, көпқабатты үйдің ауласында баланы өз бетінше іздеп жүрген әжесі мен анасы табылды.
«Жазғы маусымның басталуымен бастауыш мектеп жасындағы балалар қала көшелеріне, ойын-сауық саябақтарына және сауда орталықтарына шығып кетеді, ал жасөспірімдер үйден кетуге бейім», – дейді полиция қызметкерлері.