$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

WhatsApp чатында сыныптас қызды қорлағандар 2 млн теңге айыппұл төлейді

Шешім заңды күшіне енген жоқ

WhatsApp чатында сыныптас қызды қорлағандар 2 млн теңге айыппұл төлейді
фото: sud.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық соты моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2021 жылғы қыркүйек айында бұрынғы сыныптастарының WhatsApp-тағы чатында жауапкерлердің баласы өзінің сыныптастарына, соның ішінде талап қоюшының қызына қадір-қасиетін қорлайтын хабарламалар жазған. Қыздың анасы сотқа 5 млн. теңге сомасындағы моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен жүгінді, себебі сыныптастарының қорлайтын хабарламаларының салдарынан оның кәмелетке толмаған қызы бір ай бойы күйзеліске түсіп, жылаған. Соның салдарынан қызына психологтың көмегі қажет болған», делінген қалалық соттың хабарламасында.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың қаулысымен жасөспірімнің әкесі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтау кезінде сот сыныптастарын қорлау нәтижесінде психологиялық күйзеліске ұшыраған кәмелетке толмаған адамның жеке мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының өмірлік маңыздылығын ескерді, сондай-ақ жауапкерлердің отбасылық және мүліктік жағдайы ескерілді.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылды, баланың ата-анасынан талап қоюшының пайдасына ортақ тәртіпте 2 млн. теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысы өндіріп алынды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Сот шешімі #сот