Түркістан облысындағы Жетікөл экотуризм орталығына айналады

Azattyq Rýhy

Су қойма тек ауыл шаруашылығы ғана емес, туризм үшін де пайдаға асырылады

Түркістан облысындағы Жетікөл экотуризм орталығына айналады
фото: aigak.kz

Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Жетікөл көлдер жүйесінде құстар мен балықтар саны артқан. Қазіргі таңда аталған көлде құстың 200-ден астам түрі мекендеп жатыр. Мұны экологтар мен табиғат жанашырлары жоғары бағалап отыр,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетікөл және «Кеңсай-Қосқорған-2» су реттегішіне арнайы барып, жай-күйімен танысты.

«Үш жылдан астам уақыттан бері Түркістан облысында су қоймалар салу, ағын суды молайту, көлдерді қалпына келтіру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.  Түркістан қаласына 234 млн. текше метр ағын су жетіспейтіні анықталып, облыс басшылығы, ел ақсақалдары мен осы сала мамандарының, ғалымдардың ақылдасуымен 248,8 млн. текше метр ағын су жеткізу жолы табылды. Сол жобаның бірі – «Кеңсай-Қосқорған-2» су реттегіші. Оның құрылысы 2021 жылы аяқталған. Жоба аясында 30 млн. текше метрден астам ағын су жеткізіледі деп жоспарланып, қазірдің өзінде 14 млн. текше метр су жиналып үлгерді», деп көрсетті Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Өмірзақ Шөкеев аталған су реттегішінің маңында Кентау қаласы мен қала маңындағы ауыл тұрғындарымен, шаруалармен кездесті. Тұрғындар ағын су мәселесін шешу бағытындағы қайраткерлігі үшін өңір басшысына алғыстарын айтты. Алдағы уақытта аталған су қойма тек ауыл шаруашылығы ғана емес, туризм үшін де пайдаға асырылмақ. Су спортын дамытуға де серпін береді.

Түркістан қаласы маңындағы су нысандарын әуеден бақылаған облыс әкімі Отырар ауданындағы Жетікөлге барып, табиғат жанашырлары мен инспекторлармен, аңшылармен кездесті.

«Ағын суды молайту, тиімді пайдалану бағытында аса маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасының құрылысы арқылы 34 шақырымға  бөгет жасалынып, көлге 370 млн. м3 су тасталынды. Бүгінгі күннің өзінде көл аумағының фаунасы өзгеріп, табиғи құстар шоғыры пайда болды. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, құстар мен балықтардың көбеюіне жағдай жасау қажет. Браконьерлермен күрес күшейтілсін. Екінші кезекте аңшылық туризмін заман талабына сай дамытқан жөн. Осы көлдер жүйесінде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кәсіпкерлерге су көзін орынсыз әрі тиімсіз пайдалануға жол берілмейді. Аңшылық туризмін дамыту үшін келушілерге тиімді жағдай жасап, ақпараттандыру мәселесін де қолға алыңыздар. Ең басты міндет – табиғат пен суда тіршілік ететін құстарды, балықтарды қорғау. Жасыл алқаптарды көбейту. Екіншіден, аңшылық туризмін заң талабына сай дамыту да маңызды, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Мамандардың айтуынша, Жетікөлде су молайған соң құстар мен балықтар саны артқан. Олардың көбею кезеңінде аңшылықпен айналысуға жол берілмейді.

Жалпы Жетікөл көлдер жүйесінің аумағы шамамен 52 мың гектардан асады. Алқапта бірнеше табиғи көл орналасқан. Аймақта құстар, балықтармен қатар жабайы аңдар да кездеседі. Жетікөлде жалпы аумағы 20 мың гектарға жуық 3 аңшылық алқабы, балық шаруашылығын жүргізу орындары бар. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешудің Жол картасы бекітілген. Облыс әкімінің бастамасымен «Кеңсай-Қосқорған-2» және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы аяқталған.

«Жетікөлге 500 млн текше метрге дейін су сияды. Егер толық көлемде толатын болса, су буланып, ылғал көбейіп, Отырар ауданы ғана емес, Түркістанның экологиялық жағдайы жақсарады. Алдағы уақытта Жетікөл – экологиялық туризм орталығына айналып, өңірдің туристік әлеуеті арта түседі. Сонымен бірге осы су жүйесі арқылы Түркістандағы жасыл белдеудің жағдайы да жақсарады», – дейді басқарма басшысы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.