Түркістан облысында толассыз жауыннан зардап шеккен ауылдар саны екі есе артты
Бұл туралы табиғи апатқа қатысты арнайы құрылған комиссия анықтады
Түркістан облысының Қазығұрт және Сарыағаш аудандарында толассыз жауған жауыннан зардап шеккен ауыл саны екі есе артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұрын хабарлағанымыздай, 5 емес, енді 12 елдімекен болды. Мұны табиғи апатқа қатысты арнайы құрылған комиссия анықтады. Жалпы тасқын судан барлығы 41 үй мен 43 қора-жайға зақым келді. Қайта қалпына келтіруге облыс бюджетінің резерв қорынан көмек көрсетіліп, өтемақы төленеді.
"Бүгінгі таңда 366 бас ұсақ мал және 4 іріқара малдің өлексесі табылып отыр. Жаңбыр жауып өткенен кейін 2-3 сағаттың ішінде су толық кеткен. Ал қалдық суларды су сору және басқа да техникалар арқылы сыртқа жіберу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазіргі таңда судың қалдықтары қалған жоқ", – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев.