«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Атырау және ШҚО-ға барды
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін партия мүшелері Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 250-ден астам азамат келіп, барлығы 10 шалғай елді мекен қамтылды.
Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданына қарасты Полянское ауылының тұрғыны Андрей Шишкунов ауылдағы ұялы байланыс пен интернет сапасынын жақсартуға көмек сұрады.
«Бүгінде қоғамдық өмірде көптеген дүниелер онлайн режімге ауысты. Біз бұны әлемді коронавирус індеті жайлаған тұста, жаппай үйден шықпай отыруға мәжбүр болғанда қатты сезіндік. Балаларымыз онлайн сабақ оқып жүрген кезде көптеген қиындықтар туындады», - деді өтініш беруші.
Полянский тұрғындарын алаңатқан тағы бір мәселе - жолдың жоқтығы. Олардың айтуынша, республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тас жолының құрылысы үш жылдан бері жүріп жатыр.
«Ауырып қалған адам үшін жедел жәрдем шақырдық. Бірақ ол біздің ауылға жете алмады, трактормен 7 км жүруге тура келді. Қазіргі уақытта бұл біз үшін өткір мәселе. Біздің жан айқайымызға құлақ асады деп үміттенеміз», - деді ауыл тұрғыны Ольга Логвинова.
«Өңірлерде ауыз су және жолдарды жөндеу мәселелері жиі көтеріледі. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер топтастырылып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді. Біз әрбір сұраққа толыққанды жауап берілгенін қадағалаймыз», - деді Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ардан Аралбай.
Өз кезегінде Жарма ауданы Белтерек ауылының тұрғыны Шынар Ақатаева су сапасының нашарлығына шағым білдірді.
«Балықтыкөл станциясындағы су ішуге де, малға беруге де жарамсыз, тұзды. Бәріміз су алу үшін «8 Наурыз» ауылына барамыз. Ауыз су мәселесін шешуге көмек берулеріңізді сұраймыз», - деді Шынар.
Аманаттықтар Шығыс Қазақстан облысына қарасты Полянское, Малонарым, Жаңғызтөбе, Белтерек және Қарағайлы сияқты барлығы 5 ауылға барды.
Осы күні «AMANAT» мобильді бригадалары Атырау облысындағы шалғай елді мекендерінің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Таңдай, Нарын, Мұқыр, Нұржау және Қарағай ауылдарында болды.
«Астрахань-Ақтөбе» республикалық маңызы бар жолдың сметасында мал өткелдерін ұйымдастыруға кететін шығын қарастырылмаған. Ал олар бізге, қарапайым фермерлерге мал айдау бағытын өзгертпеу үшін, ең бастысы жол апаты орын алмас үшін қажет. Ауылымызда жолды немқұрайлы қарамай, шын ниетімен дұрыстап салынғанын қалаймыз», - деді Құрманғазы ауданы Нұржау ауылының тұрғыны Оразғали Алғаязов.
Бұған дейін мобильдік қоғамдық қабылдаулар Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарына барған болатын.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 40 мыңнан аса адам жүгінген. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 32%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 14%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу – 11% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 8 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 22 мың адам қабылданды.
Еске сала кетейік, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуына болады:
1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
2. WhatsАpp: 8 700 800 4441
3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz
Қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.
Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.