Нұр-Сұлтанда заңсыз сақталған атыс қаруын сатып алу акциясы басталды

Azattyq Rýhy

Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады

Нұр-Сұлтанда заңсыз сақталған атыс қаруын сатып алу акциясы басталды
Фото: ашық дереккөзден

Полиция департаменті халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу акциясын бастады, деп хабарлады Elorda.info.

"Қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін республикалық бюджеттен оның техникалық жай-күйіне байланысты қарудың әрбір бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің оннан жүзге дейінгі сомасында төлем көзделеді. Қару-жарақ заттарын қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізіледі", – делінген хабарламада.

Жарақат алудың алдын алу мақсатында табылған жарылғыш материалдар және оқ-дәрілермен ешқандай іс-әрекет жасамауды, ешбір жағдайда оларды тасымалдауға әрекет жасамауды, тек полицияның кез келген бөлімшесіне, оның ішінде «102» не «112» телефон нөмірлеріне хабарлауды сұрайды.

Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.