$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында өлексе иісінен шаршаған тұрғындар наразылық танытты

Төрт-түліктің өлексесінен шыққан иістен көпшіліктің тынысы тарылып, жұрт далаға шығудан қалған

Алматы облысында өлексе иісінен шаршаған тұрғындар наразылық танытты
Фото ашық дереккөзден

Төрт-түліктің өлексесінен шыққан иістен жиіркенуден шаршаған Алматы облысы Дәулет ауылының 5 мыңға жуық халқы өз талабын қойды. Олар жақын жерде орналасқан мал сүйегін өңдейтін цехтың жұмысы тоқтағанын талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Себебі кәсіпорыннан шыққан жағымсыз иістің кесірінен көпшіліктің тынысы тарылып, жұрт далаға шығудан қалған. Бұл – сүйекті өңдейтін зауыт. Бірақ қазір ашық аспан астында күнге быршып, шыбын үймелеп, төрт-түліктің қаңқасы шашылып жатыр. Халық ашуын қоздырған бұл зауыт осыдан он жыл бұрын ашылыпты. Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, цехтың жұмысы бір кездері тұрғындардың шағымынан кейін тоқтатылған. Бірақ кәсіпкерлер ескертуді елемеген секілді. Жұмысын қайта бастап кеткен.

«Қатты сасиды. Жел соқса бітті, есік-тереземіз ашылмайды. Жалғыз мен емес, бүкіл ауыл тұрғындары қиналып отыр», – деді Дәулет ауылының тұрғыны Панаргүл Күнсақалова.

Төрт-түліктің өлексесі шашылған цехке құрамына мәслихат депутаттары мен әкімдік өкілдері кірген арнайы комиссия тексеру ұйымдастырыпты. Мұндағы масқараны көрген олар кәсіп иесіне бәрін ретке келтіруге 2 апта уақыт берген екен. Ал кәсіпкердің айтуынша құрылыс материалдарын әкеле бастаған. Бірде ашылып, бірде жабылған бұл цех мал сүйегінен құс фабрикасына жем дайындайды екен. Кәсіпорын иесі жағымсыз иіс шашылған төрт-түлік өлексесінен емес, ауыл маңындағы өзге зауыттардан шығып жатқанына сенімді.

«Көптеген заңсыз, сүйектердің ашық алаңда жатқаны анықталды. Қазіргі таңда облыстық экология комитетіне хат жолданды. Заңсыз деп танылса, бірден жабу керек. Жабылады. Комиссия шешеді», – деді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбол Есенбаев.

Дәулет  – Қайнар ауылдық округіне қарайтын 12 елді мекеннің бірі. Мұнда 5 мыңға жуық халық өмір сүреді. Олар цехтан бөлек, ауыл ішіндегі қоқыс толған аймақ пен далаға аққан лай судан да жағымсыз иіс шығады дейді. Жан-жақтан қапқан қолаңқа иіс мезі қылғандықтан көшіп кетуді жоспарлап жүрген көрінеді.


 

 

Серіктес жаңалықтары