Биыл әлеуметтік желілердегі заңға қайшы 36 мыңнан астам материал бұғатталды

Azattyq Rýhy

Оның 35 мыңнан астамы – терроризм және діни экстремизм идеологиясын таратуға қатысты материалдар

Биыл әлеуметтік желілердегі заңға қайшы 36 мыңнан астам материал бұғатталды
Фото ашық дереккөзден

Биыл әлеуметтік желілердегі заңға қайшы 36 484 материал бұғатталды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ғаламторда қолжетімді ресурстар мен әлеуметтік желілерді тәулік бойы қадағалайды. Заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда интернетресурстың әкімшілігіне ескертулер мен хабарламалар жолданады. Ескертулер түзетілмеген болса, интернет-ресурс сот шешімімен заңнамада белгіленген тәртіппен бұғатталады. Жарияланған материалдарда қылмыстық іс-әрекеттің белгілері анықталса, олардың авторлары мен таратушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - делінген Ералы Тоғжанов жауабында.

 Оның атап өтуінше, заңға қайшы контенттің таралуына жол бермеу мақсатында уәкілетті органдар ВКонтакте, Одноклассники, Mail.ru, Livejournal, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінің әкімшілігімен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

«2022 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген мониторингтің нәтижесінде 36 484 заңға қайшы материал бұғатталды», - деді вице-премьер.

Үкімет басшысы ұсынған дерекке сәйкес, аталған материалдардың 35 мыңнан астамы - терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын тарату; 332-сі – есірткі құралдарын насихаттау және таратуға; 3 531-і – порнографияны, қатыгездік пен суицидті насихаттауға; 32-сі – ар-намысқа тіл тигізу, билікті қорлауға, 111-ге жуығы - жалған ақпарат таратуға қатысты болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.