Алматыда жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 89 жол апаты тіркелді
Салдарынан 4 адам қаза тауып, 105 адам түрлі дене жарақатын алды

Алматыда қоғамдық көліктердің жол-көлік оқиғасы ұшырауы жиілеп кетті. Жыл басынан бері автобустардың қатысуымен 89 көлік апаты болды. Салдарынан төрт адам қаза тапты. Бұл туралы қалалық ПД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биылғы жылдың үш айында мегаполисте 89 жол-көлік апаты болды. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 105 адам түрлі дене жарақатын алды», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми ақпаратына сәйкес, 2021 жылы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен 264 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы 344 адам жарақат алған. Сондай-ақ жыл басынан бері қала жолдарында мопедтердің қатысуымен 62 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 72 адам зардап шекті. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін мопед тізгіндеген 38 адам әкімшілік жауапқа тартылды.