Рудныйдағы колледж асханасында студенттердің улануына қатысты тексеру басталды

Azattyq Rýhy

Зертханалық тексеру үшін азық-түлік, су сынамалары алынған

Рудныйдағы колледж асханасында студенттердің улануына қатысты тексеру басталды
Фото ашық дереккөзден

Қостанай аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Рудныйдағы колледж асханасында студенттердің тамақтан жаппай улануына қатысты тексеру жұмыстарын бастады. Бұл туралы бақылау басқармасының ресми өкілі Ержан Байтанаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «2022 жылдың 21 сәуірі сағат 15:00-дегі жағдай бойынша, ауыр ішек инфекциясының белгілерімен Рудный тау-технологиялық колледжінің 35 студенті медициналық көмекке жүгінді. Оның 14-іне «Жіті гастроэнтерит» диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылды, қалғандарына амбулаториялық ем тағайындалды», - деді ведомстводан.

Рудный полиция басқармасы қозғаған қылмыстық іс аясында Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өңірлік басқармамен бірлесіп «S_SALTA» ЖШС жалға алған колледж асханасына жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады. Ведомство өкілдері студенттерден сауал алу барысында оларда жүрек айну, құсу, сұйық дәрет түріндегі ішек инфекциясы белгілері болғанын атап өтті. Зардап шеккендердің бәрі колледж асханасында тамақтанғаннан кейін ауырып қалған. Науқастардың жағдайы тұрақты, орташа ауыр деңгейде.

«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депратаменті мен аумақтық басқарма мамандары зертханалық тексеру үшін азық-түлік, су сынамаларын алған. Мамандар эпидемияға қарсы шараларды жүргізіп жатыр», - деп қорытындылады ведомстводан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.