Байқоңыр ауданының әкімі пара алды деген күдікке ілінді
Асқар Есілов - бұрынғы Астана қаласы әкімінің орынбасары болған Сансызбай Есіловтың ұлы
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есілов жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров айтты. Оның сөзінше, күдікті өз кінәсін мойындаған.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Байқоңыр ауданының әкімінің пара алғаны туралы фактіні анықтағаны рас. Ол жеке кәсіпкерден ауданды абаттандыруға тендер алуға көмектесіп, қамқорлық жасағаны үшін iPhone телефонының соңғы моделін пара ретінде алды деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта іс тергеуде», - деді Д.Бигайдаров.
Асқар Есілов 1979 жылы Целиноград қаласында туған. Білімі жоғары, 2002 жылы Орал мемлекеттік заң академиясын, 2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылдан бастап Астана қаласы қаржы департаментінің бас маманы-заңгер қызметін атқарудан бастаған.
2014 жылғы сәуір айынан бастап 2015 жылғы 2 наурыз айына дейін – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ корпоративті басқару департаментінің директоры.
2016 жылғы сәуірден бастап 2019 жылдың сәуіріне дейін Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылдың сәуірінде Байқоңыр ауданының әкімі болып тағайындалды.
Ол - бұрын Астана қаласы әкімінің орынбасары, қалалық мәслихат төрағасы, қоғамдық кеңес төрағасы қызметтерінде болған Сансызбай Есіловтың ұлы.