«Тізімде қайтыс болған азаматтар да бар»: министр саяси партия құруды көздеген бастамашыл топтар туралы айтты

Әсел Оршыбекова

Әділет министрі Қанат Мусин саяси партия құру жайлы айтты

Фото: parlam.kz

Қазір елімізде жаңа саяси партияларды тіркеу жұмысы жүріп жатқанымен әлі күнге дейін бірде-бір жаңа партия ресми түрде тіркелген жоқ. Әділет министрі Қанат Мусин бұл процестің неліктен ұзаққа созылғанын ОКҚ-да өткен брифинг барысында түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство басшысының сөзіне сенсек, 2019 жылдан бері саяси партияны тіркеу туралы 10 бастамашыл топ өтініш жіберген.

«Оның үшеуі бірінші кезеңнен өтті. Алайда растау туралы хабарламаны алғаннан кейін екі топ партияны құру жұмысын ары қарай жалғастырған жоқ. Айта кететін жайт, растау құжаты жарты жылға ғана жарамды. Ал қазір төрт партияның құжаттарын қарастыру жұмысы жүріп жатыр. Оның ішінде «Халық дербестігі» партиясы екінші кезеңге өтті. Олар өздерінің съезін өткізді. Заң бойынша құрылтай съезінен кейін партия өзінің 20 мың мүшесі бар екенін көрсетуі тиіс. Бұл ретте олардың қазір тіркеу мерзімі заң бойынша тоқтатылып тұр. Себебі партия мүшелерін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған үші партия бойынша бірінші кезеңнің жұмыстары жүргізілуде», - деп нақтылады ол.

Заң бойынша бастамашыл топ мүшелерінің саны кемі мың адамды құрауы тиіс. Саяси партия құру туралы хабарламадан кейін тиісті тексеру жұмыстары жүргізіледі. Әділет министрі дәл осындай тексерісте түрлі заң бұзушылықтардың анықталғанын айтты.

«Кемінде мың адам болуы тиіс бастамашыл топ мүшелерінің арасында ЖСН-ы аты-жөнімен сәйкес емес тұлғалар, тізімде қайтыс болған азаматтар да, сондай-ақ басқа партия мүшелері бар екені анықталды», - деді Қанат Мусин.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.