Түркістан облысында мал ұрлағандарды босату үшін 3 млн теңге талап еткен подполковник сотталды

Azattyq Rýhy

Ол енді өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда қызмет ете алмайды

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында мал ұрлағандарды босату үшін ақша талап еткен полицей үш жылға сотталды. Бұл туралы Төлеби аудандық соты мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Төлеби аудандық полиция бөлімі бастығының бұрынғы бірінші орынбасары қызметін асыра пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды. Төлеби аудандық сотынның дерегінше, лауазымды тұлға мал ұрлаған қос күдіктінің әрекетін жабу үшін 3 млн теңге бопсалаған. Алайда бөтеннің мүлкін өзінің қызмет бабын пайдалана отырып иемденген полицей ұрлық жасағандарға көмектесе алмаған. Айыпталушы өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда қызмет ете алмайтын болды. Ол сондай-ақ, подполковник шенінен де айрылды. Дегенмен сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың сот талқылауындағы айғақтарымен, тергеу әрекетінің хаттамаларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесімен және заттай дәлелдемелермен дәлелденген. Сот үкімімен айыпталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды және үш жылға сотталды» делінген сот үкімінде.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.