Қазақстандағы «ақылды» қалалардың рейтингі жарияланды
Рейтинг өңірлердің «цифрлық» белсенділігін арттыруға бағытталған
![Қазақстандағы «ақылды» қалалардың рейтингі жарияланды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2020/01/22/5e2877acbf2ce972381243.jpeg)
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның «ақылды» қалалар рейтингін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейтингте Нұр-Сұлтан, Алматы және Орал қалалары көш бастап тұр.
Министрлік өңірлердің цифрландыру саласында жүргізген жұмыстарына баға берді. Зерттеуге 14 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар 3 қала қатысты. Бағалау 11 түрлі бағыт пен 80 көрсеткіштен тұратын «Ақылды қалалар» эталондық стандарты негізінде жүргізілді. Олар денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, экология, әлеуметтік және т.б. салаларды цифрландыру бастамаларына қатысты.
Атап айтқанда, рейтингті құру кезінде әкімдіктердің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруы, тұрғын үйлерге «ақылды» есептеуіш құралдарының орнатылуы, тіркелген стартаптардың саны, зияткерлік көлік жүйесінің енгізілуі, қоғамдық көліктің бағыт-бағдарын мониторингтеу сияқты қосымшалардың қолжетімділігі назарға алынды.
Вице-министр Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл рейтинг өңірлердің «цифрлық» белсенділігін арттыруға бағытталған.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы екі жыл бұрын қабылданып, өңірлерде бірқатар жоба жүзеге асырылды. Әрине, олардың кейбірі тиімді болса, кейбірінің нәтижесі төмен болды. Цифрландыру саласындағы жалпы жағдайды көрсету үшін біз осы рейтингті әзірледік. Бұл сондай-ақ өңірлердің «цифрлық» дамуын ынталандыру үшін қажет», - деп атап өтті Оспанов.