$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда біліктілік тестін тапсыруға келген мұғалім қайтыс болды

Ұстаз жедел жәрдем жеткенше қайтыс болып кетті

Оқиға Алматыдағы көлік және логистика академиясында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгін бір топ ұстаз біліктілік тестін тапсыруға барған. Куәгердің айтуынша, сынақ кезінде бір мұғалімнің жағдайы нашарлап құлап қалған. Ұстаз жедел жәрдем жеткенше қайтыс болып кетті.

«Мұғалімдерді тестілеу жүріп жатқан жерде қайғылы оқиға болды. Ешқандай алғашқы көмек көрсетілген жоқ. Жедел жәрдем келгенше қайтыс болып кетті», — дейді сынаққа келген куәгердің бірі.

Мұғалім Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде жұмыс істейтін болып шықты. 49 жастағы ұстаздың сынақ үстінде қайтыс болғанын Ұлттық тестілеу орталығы растады. Ер адам гипертензиялық (гипертониялық) ауруына байланысты емханада есепте тұрған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

«Бұл соңғы 4 жылдағы алғашқы өлім оқиғасы. Тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсету үшін дәрігерлердің жұмысын бақылау күшейтіледі. ҰБТ-ны (Ұлттық біліктілік тестілеу) 2018 жылдан бастап тапсырып келеді. Сондай-ақ бекітілген санатына байланысты 230 мыңнан астам адам жыл сайын жалақының 30-50% мөлшерінде қосымша төлемдер алады. Осы ретте аттестацияның өзі ерікті сипатқа ие екенін атап өтеміз. Педагогтер жалақыларына тағы қосымша ақы алу үшін тестілеуге жазылып, осы процедурадан өтеді. Осылайша расталған біліктілік санатына байланысты қосымша ақы төленеді. Естеріңізге сала кетейік, егер тест тапсырушы өзін нашар сезінсе, тестілеу күнін өзгерту мүмкіндігі беріледі», - деді Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

Қаланың білім басқармасының өкілдері марқұмның отбасына көңіл айтты. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары