Қазақстанда «Жалын» телевизиялық жастар байқауы жарияланды

Azattyq Rýhy

Конкурс «Қазақстан» телерадиокорпорациясының  бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр

Қазақстанда «Жалын» телевизиялық жастар байқауы жарияланды
фото www.gov.kz сайтынан

Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев атындағы жүлдеге телевизиялық байқау жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия қайраткері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және тележурналист, жазушы, қоғам қараткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай «Жалын» телевизиялық жастар байқауын жариялайды.

Конкурсқа жоғары оқу орындарының студенттері мен 30 жасқа дейінгі жас  журналистер және режиссерлер қатыса алады.

«Байқаудың мақсаты - жоғары оқу орындарының студенттері түсіретін телефильмдер мен телебағдарламалар өндірісіне қолдау білдіру, телемамандар арасындағы мәдени және шығармашылық байланыстарды нығайту әрі дамыту, ұлттық телевизиялық мектептің жетістіктерін дәріптеу арқылы Қазақ телевизиясының қайраткерлері Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаевтың есімін ұлықтау», делінген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарламасында.

Конкурсқа  2021-2022 жылдары түсіріліп, эфирге шыққан қазақ тіліндегі авторлық шығармашылық жұмыстар қабылданады. Конкурс жұмыстары 2022 жылғы 30 сәуірге дейін qazaqstan.tv сайты арқылы жолдануы тиіс.

Жеңімпаздарды ұйымдастырушылар мен арнайы құрылған комиссия анықтайды. Үздік шыққан жоба иегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталып, жұмыстар «Қазақстан» РТРК» АҚ ресми сайтына орналастырылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.