Алматы тұрғындарының қанша салық қарызы бар
Жыл басында қаладағы салық төлеушілердің берешегі 245 млрд теңге болған

Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті жеке тұлғалардың салық қарыздарын сот орындаушылар арқылы мәжбүрлі түрде өндіріп алуға әрекет етеді. Бұл туралы бүгінгі брифинг кезінде Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қанат Баеділов мәлім етті, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі.
Оның айтуынша, жыл басында қаладағы салық төлеушілердің берешегі 245 млрд теңге болған. Бұл – 17 мың заңды тұлға мен жеке кәсіпкерлердің берешегі.
«Бірінші тоқсан бойынша осы берешекті азайту үшін бірталай жұмыс атқардық. Осының нәтижесінде берешекті 100 млрд теңгеге азайттық. Қазір салық төлеушілердің берешегі 145 млрд теңге болып тұр», - деді Қанат Баеділов.
Ал қарызы бар жеке тұлғалардың санына тоқталған ол Алматы бойынша 67 мың азаматтың берешегі бар екенін айтты.
«Жеке тұлғаларға қатысты біз салықты мәжбүрлеп өндіретін сот орындаушылармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Олардың санын да бірінші тоқсанда жақсылап азайттық. Жыл соңында жеке тұлғалардың берешегін кәдімгідей азайтамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді Қ. Баеділов.