Семей полигонындағы жарамды жерлер пайдаланылмай отыр – Энергетика министрі

Azattyq Rýhy

Полигонның аумағы шамамен 18300 текше метрді құрайды

 

Семей полигонындағы жарамды жерлер пайдаланылмай отыр – Энергетика министрі
Фото: arnapress.kz

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжіліс отырысында Семей полигонындағы проблемаларды қозғап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«1949 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында алғашқы ядролық бомба сыналған болатын. 50 жыл ішінде полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді. Бұл жарылыстардың жиынтық қуаты Жапонияның Хиросимо қаласына тасталған ядролық зарядтан 250 есе артық. 1991 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.

Қазір оның аумағы шамамен 18300 текше метрді құрайды. Тәуелсіздік жылдары ішінде бұрынғы полигонда, соның ішінде «Дегелен» тау алабында, «Балапан» және «Тәжірибе» сынақ алаңдарында сынақ алаңдарында жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді», - деді министр.

Ол сөзін жалғай отырып, Семей полигоны жабылғалы бері бірқатар түйткілді мәселе анықталғанын айтып өтті.

«Бұрынғы Семей полигонының жері үш облыстың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы босалқы жерге жатады. Бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттерін және аумақтарда болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.

Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін оңалту және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмейді. Сондай-ақ радиактивті ластану деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілмеуіне байланысты радиоактивті зақымданудың жылыстауы бойынша өзекті деректер жоқ. Бүгінгі таңда ластанған және таза аумақтардың аражігі ажыратылмағандықтан, жарамды жерлердің едәуір бөлігі пайдаланусыз қалып отыр», - деді Б. Ақшолақов.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.