Ақтөбеде жүкті келіншек жүргізушінің кесірінен автобустан шығып бара жатып құлап қалды
Жүргізуші де, кондуктор да оқиғаға мән бермеген
Жүктіліктің жетінші айында жүрген ақтөбелік келіншек автобус салонынан шығып бара жатқанда жүргізушісі жүріп кеткен. Салдарынан 29 жастағы әйел адам жерге құлап, арқасынан жарақат алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 1 сәуір күні кешқұрым «Макаренко» аялдамасындағы №24 автобуста болған. Көлік жүргізуші мен кондуктор жолаушыға көмектесудің орнына, оқиғаға мән бермей, тоқтаусыз жүріп кеткен.
«Мемлекеттік нөмірі «614 AL 04» автобустың жүргізушісі жол бойы өте жылдам жүрді. Нәтижесінде ол менің аялдамадан шыққанымды күтпестен жүріп кетті. Жүргізуші де, кондуктор да көмектесуге шықпады. Бұған дейін мен күйеуіме хабарласып, қолымда пакеттеріммен базардан келе жатқанымды ескерткен едім. Мен құлаған жерден өзім көтерілдім, ал күйеуім бірнеше минут өткен соң жүгіріп келді. Жолдасымды ашуландырмайын деп ештеңе айтпағаныммен, оқиға орнында басқа да куәгерлер бар. Мен жүргізушіні жұмыстан қуып, нанынан айырғанын қаламаймын. Бірақ мұны осылай жазасыз қалдыратын болсақ, оқиға қайталануы мүмкін»,-деді Айдана.
Аталған жағдайға байланысты «Автопарк» ЖШС пікір білдірді.
«Жолаушы жеке тұлғаны анықтап, шара қолдану мақсатында полицияға арыз берді. Біз органға тиісті мәліметтерді бердік. Тексеріс пен процессуалды әрекеттен кейін жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, тиісті шара қолданылады. Біздің қолымызда басқа фактілер жоқ», - деп жауап берді Руслан Жылқыаманов.