«Борат» шыққалы күзетші ертіп жүремін – атышулы фильмнің продюсері қазақстандық режиссермен кездесті

Моника Левинсон қазақстандықтардан кешірім сұрады

«Борат» шыққалы күзетші ертіп жүремін – атышулы фильмнің продюсері қазақстандық режиссермен кездесті

Екі күн бұрын АҚШ-тың Annapolis қаласында өткен кинофестивалде жас режиссер Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмі «Ең үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Отандық режиссер АҚШ-тағы марапттау кезінде атышулы «Борат» фильмінің продюсері Моника Левинсонмен кездесіп, көпшіліктің наразылығын жеткізген.

«Кинофестивальге «Борат» фильмінің продюсері Моника Левинсон келеді дегенді естідік. Достарыма аталған фильмнің негізін қалаған адам келетінін айтқанымда, бәрі «шапалақпен тартып жібер» деп әзіл-шыны аралас пікірлерін білдіріп жатты. «Боратты» көргенде ашуланбаған қазақ кемде кем шығар, өзге ұлттың өкілдері де «Бораттың елі» деп мазақ еткен сәттер болды. Уақыт өте келе өзіңе қатысы жоқ нәрсені тым салмақты, шынайы деп қабылдамау қажеттігін ұқтым. Дегенмен өзімен кездескен кезде бір ауыз пікірімді білдіріп, бүтін ұлттың болмысына кір келтірмеу қажеттігін айттым», - дейді Самғар Рақым.

Самғардың сөзін естіген Моника қазақстандықтардан кешірім сұрап, о бастағы мақсаттарының мүлдем басқа болғанын жеткізген.

«Ол кісі ішке кіріп келе жатқанда үрейленіп тұрды, жанына еңгезердей бір жігітті ертіп алыпты (күліп). Өзі «Борат шыққаннан кейін, Қазақстаннан поштама «сені өлтіреміз» деген хаттар жиі келді. Осы фильмнен соң жаныма күзетші алып жүруге мәжбүр болдым» деді. Оның үстіне, Америкада да қазақтар өте көп, тіпті, біразы іздеген екен.  Мен оған «Сіз менің балалық шағыма жара қалдырдыңыз, психологиялық тұрғыдан «Борат» қазақстандықтардың біразына ауыр тиді» дедім. Ол «Оу, сіздерден кешірім сұраймын! Біздің мақсатымыз басқа болған, кешір балам! . «Бораттың» сценарийін жазған кезде нақты бір елді алмақ болдық. Содан картаны ашып, жер көлемі бойынша әлемдегі 9-орынға ие елді қалайша ешкім білмейді деп Қазақстанды зерттеуге кірісіп, кейін сценарийін жаздық. Мақсатымыз – Американы әшкерелеу болған. Барша қазақстандықтарға менен сәлем айт!» деді. Мен ғой кешіре саламын, бірақ сізді менің достарым кешірмейді! Қазақстанға ешқашан барушы болмаңыз! «Қазақстан» шоколады керек болса, мен әкеліп беріп тұрайын дедім», - дейді режиссер күліп.  

Осылайша, ол өзімен бірге апарған шағын сыйлығын ұсынған.

«Өзіммен алып барған «Қазақстан» шоколадын ұсындым, содан соң айналдырғанда Абайдың «Көзімнің қарасы» әні ойнайтын шағын музыкалы қобдишаны сыйладым. Қазақстан туралы, кино туралы біраз әңгімелестік. Негізі, фильмді қарасаңыздар камераны қойып қойып, бақылау жасаған. Яғни, репортаж стилінде түсірілген. Осы фильмнен соң, америкалықтардың өзі аталған фильм үстінен «бізді мазақ қылды, сыртымыздан айтпай түсіріп алды» деп арыз түсірген екен.

Шынтуайтында, фильм америкалықтарды көрсеткен. Бір топтың ұлтшыл, енді бір топтың өзін ақсүйек санаушылар, келесі бір топтың ақымақ екенін мазақ қылған. Біз өзіміз оны тым салмақты қабылдап кеттік. Бүгінде әлем бізді Димаш, Гена арқылы таниды», - дейді Самғар.

Айта кетсек, Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының магистранты Самғар Рақымның «Көше ақыны» фильмі Түркия, Бразилия, Мәскеу мен АҚШ-та ең үздік «Short film» номинацияларын иеленген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.