Қытаймен шекарада заңсыз тасымалданған тауардың құны 585 млн теңгеден асқан
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр
Экономикалық контрабанда фактісі бойынша «Group of the Companies TDA» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Мемлекет басшысының кедендік шекарада кешенді тексеру жүргізу және тәртіпті қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг Агенттігінің аумақтық департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп, Қытай Халық Республикасынан аса ірі көлемде халық тұтынатын тауарлардың экономикалық контрабанда фактісін анықтады», - делінген қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Белгілі болғандай, кәсіпорынның барлық операциялық жұмысын осы ЖШС директоры жүргізді. Қытайдан Еуразиялық кеден одағының кедендік аумағына заңсыз тасымалданған тауарлардың жалпы құны 585 млн теңгеден асып отыр. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша бюджетке төленетін сома – 125 млн теңгеден асады.
Осы жылдың 31 наурызында Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты ЖШС директорына қатысты 2 ай мерзімге «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.