Атырау әкімдігінде өткен жиналыс кезінде екі адам қамауға алынды

Azattyq Rýhy

Олардың тағдырын тергеу соты шешеді

Атырау әкімдігінде өткен жиналыс кезінде екі адам қамауға алынды
Фото ашық дереккөзден

Атырау әкімдігінде тұрғын үйге ақша салған үлескерлермен кездесу өтті. Жиналыс кезінде "Жібек жолы" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің екі өкілі қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

 Әкімдікке 150-ден астам адам келді. Олардың көбісі "Жібек жолы" тұрғын үй-құрылыс кооперативіне 10-25 миллион теңгеден салған. Бірақ баспана әлі берілген жоқ. Ал кейбір пәтерлерді бірнеше рет сатып жіберген.

"Оларда бірнеше тұрғын үй-құрылыс кооперативі бар. Кеңсесі әлі істеп тұр. Қызметкерлер клиент тартып, акциялар мен жеңілдіктерді жарнамалап отыр. Ал жаңа үйдің кілтін алатын адамдар балаларымен бірге жалдамалы пәтерді, я болмаса, туыстарының үйін паналап жүр", - дейді үлескерлер.

Атырау облыстық тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамед Мұталиевтің айтуынша, "Жібек жолы" тұрғын үй-құрылыс кооперативінің үстінен 70 арыз түскен.

"Біз шағымда көрсетілген есепшоттарды тексеріп шықтық. Ол жерде ақша жоқ. Полицияға шағым түсірмеген адамдар болса, басқармаға немесе облыстық департаментке келіңіздер", - деп атап өтті Мұталиев.

Былтыр 27 желтоқсанда "Жібек жолы" ТҚК төрағасы Е.Сардарбеков пен сату бөлімінің басшысы А.Юсуповаға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігінің 3-тармақшасы (Алаяқтық, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталған.

Ал кооператив төрағасы Е.Сардарбеков бәріне пандемия кінәлі деп отыр.

"Біздің тұрғын үй-құрылыс кооперативіміз 2020 жылы құрылған. Содан бері төраға қызметін атқарып келемін. Карантин болды, құрылыс материалдары және тағы басқа заттар қымбаттады. Бұның барлығы құрылысқа да кері әсерін тигізді. Қазіргі кезде үлескерлер ақшаны қайтаруды талап етіп отыр. Мен күн-түн демей, инвестор іздеп жатырмын. Табылған күннің өзінде олар бәрін есептейді, халықтың наразылығын көреді де, кетіп қалады", - деді Сардарбеков.

Ал қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы "Жібек жолы" тұрғын үйінің жобасы бекітілмегенін мәлімдеді. Жобалық-сметалық құжаттары жоқ. Сараптама жасалмаған.

Жиналыс кезінде "Жібек жолы" ТҚК төрағасы Е.Сардарбеков пен сату бөлімінің басшысы А.Юсупова қамауға алынды.

"Олардың тағдырын тергеу соты шешеді. Уақытша қамау абақтысына немесе үй қамаққа жіберіледі, оны сот шешеді", - деді қаланың бас полицейі.

Кездесуге Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи де қатысты.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.