Алматыда бейітті тонап пайда таппақ болғандар іздестіріліп жатыр

Azattyq Rýhy

Аталмыш дерек ҚК-тің 188-бабы бойынша тіркелді

Алматыда бейітті тонап пайда таппақ болғандар іздестіріліп жатыр
Фото ашық дереккөзден

Алматыда бейітті тонап пайда таппақ болғандар іздестіріліп жатыр,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Ұрылар зираттардың шойын қоршауын қолды қылып, тас-талқанын шығарған. Марқұмдардың жақындары Кеңсайдағы бейіт басына барғанда бір-ақ көріп, жергілікті полицияға шағымданған. Шынар Сейтенқызы әке-шешесіне мұнда жиі келеді. Бірақ бұл жолы марқұм болған жақындарымның алдында ұяттымын деп көзіне жас алды.

«Менің әкем, шешем және кішкентай қызым, туған әпке, жездем осында жерленген. Өздеріңіз көріп отырсыздар, басындағы қоршауды түгел алып кеткен», – деді қала тұрғыны Шынар Тергемесова.

Ал бейітті бейберекет еткендер қазір күллі мұсылманның қарғысына қалғалы отыр деген Сейіл Сауытбеков полиция жұмысын сынға алды. Тәртіп қатал болса, тонаушылар тайраңдап жүрмес еді дейді.

«Қоршау шойыннан құйылған темірден жасалған, қырық жылдан бері тұр. Ескі жабық зират. Соны келіп тонап кеткен. Марқұм болып кеткен, бақилық болғандарды жәбірлеу ақылға сыймайды», – деді қала тұрғыны Сейіл Сауытбеков.

Ұрылар көпшілікке білінбес үшін тек бейіттің ортасындағы мүрделерді тонаған көрінеді. Себебі темірі кесіліп, қоршауы қолды болған жердің көбі дерлік жол бойынан тасада орналасқан. Ал Кеңсай зиратының меңгерушісі Шалқар Тойлыбаев аталмыш жағдайдан бейхабармын деп ақталды. Біздің сауалымызға жауап беруден де бас тартты.

Ал Алматы қаласы Медеу аудандық Полиция Департаменті аталған іске қатысты арызды бүгін тіркепті. Өйткені шағымданушы тарап ұрлық болған жерге құқық қорғау органдарын шақырған болатын.

«Аталмыш дерек ҚК-тің 188-бабы бойынша тіркелді. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар делінген тұлғаларды анықтауға, сонымен қатар осы темір қоршауларының өткізген жерін анықтауға арнайы топ құрылды. Бұл қылмыс міндетті түрде ашылатын болады», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Шағымданушы тарап мұнда қоршауы бұзылып, зиратына зиян келген талай бейіт барын айтады. Оны бірі білсе, бірі білмейді.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.