Қазақстандық теннисшілер әлемдік рейтингте жеке рекордтық нәтижеге қол жеткізді
Спортшыларымыз бұған дей мұндай сатыға жоғарылап көрмеген
Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Григорий Ломакин әлемдік рейтингте жеке рекордтық нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз мәліметінше, Андрей Голубев жұптық сында 24-орынға көтерілген. Ол спорттық жолында мұндай сатыға жоғарылап көрмеген.
Тағы бір қазақстандық, өткен аптада жұптық сында Колумбиядағы турнирдің финалына дейін жеткен Григорий Ломакин бірден 48 сатыны артта қалдырды. Ол қазір 265-сатыда тұр. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик жекелей сында 37-ші, Михаил Кукушкин 160-орында келеді. Дмитрий Попко 175-тен 169-ға көтерілді. Тимофей Скатов – 193-інші, Денис Евсеев – 341-інші, Бейбіт Жукаев 509-сатыда тұр.
Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 18-орында қалса, Юлия Путинцева 47-ден 46-ға ауысты. Зарина Дияс 112-ден 113-ке сырғыды. Жұптық сында Анна Данилина 21-інші, Жібек Құламбаева 302-орында келеді.