Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі ең жоғары аймақтар аталды
Қала мен ауылдағы жұмыссыздар санындағы айырмашылық айтарлықтай сезіліп отыр
Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі екі жылдан бері еш өзгеріссіз тұр. Finprom.kz мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінде жұмыссыздар саны бір жылда 0,6 пайызға азайып, 450 мың адамды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,6 пайызға өскен болатын», - дейді сарапшылар.
Сонымен қатар қала мен ауылдағы жұмыссыздар санындағы айырмашылық айтарлықтай сезіліп отыр. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі жыл басына қарай 5 пайызды құраса, ауылдық жерлерде жұмыссыздық бір жылда 4,8 пайыздан 4,7 пайызға төмендеген.
«Өңірлер арасында жұмыссыздық деңгейі бойынша Түркістан облысы мен Алматы қаласы көш бастап тұр – 5,1%. Олардан кейін Шымкент пен Батыс Қазақстан облысы тұр– 5%», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жұмыссыздардың ең көп саны Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген – бұл өңірлерде жұмыс іздеп жүргендер үлесі 100 мыңнан астам адамнан келеді.
Ең төменгі жұмыссыздық деңгейі Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында тіркелді – небәрі 4,6%.