Алматы облысында 280 млн теңгенің тауары тиелген жүк көліктерін ұрлаған азамат қолға түсті
Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматы облысы полицейлері екі жүк көлігімен тасымалданған қымбат матаның ұрланғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Күдіктілердің бірі 42 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам ұсталып, қамауға алынды.
«Аталған факт Жамбыл ауданында тіркелді. 28 наурызда полицияға Алматы тұрғыны арызданып, Ақтерек ауылының маңында қымбат жүгі бар екі фураның ұрланғанын айтты. Белгілі болғандай, жалдамалы жүк көліктерінің екі жүргізушісі Түркиядан Алматыға пердеге арналған қымбат матаны алып келе жатқан. Жүргізушілер жол бойындағы кафелердің бірінде демалу үшін тоқтағанда ауыр жүк көліктері ұрланған», - деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі
Жүк иесі өзінің шығынын 280 млн теңгеден аса сомаға бағалады.
Полиция қызметкерлері көрші Қарасай ауданынан ауыр жүк көліктерін тапты. Матаны тиеп, Алматыға жөнелтіп үлгергені анықталды.
«Жүктің және оны ұрлауға қатысы бар адамдардың орналасқан жері екі тәулік ішінде анықталды. Күдіктілердің бірі - Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының 42 жастағы тұрғыны. Ол ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындады. Түрік матасы табылып, заңды иесіне толықтай қайтарылды», - деді Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі, яғни "Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық" бойынша тергеу амалдары қолға алынды. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына тоғытылды.
Тергеу амалдары жүргізілуде.