Солтүстік Қазақстанда ауыл мектебінің төбесі құлады
Оқыс жағдайдан зардап шеккендер жоқ
Солтүстік Қазақстанда Аққайың ауданына қарасты Тоқшын ауылдық мектебінің акт залының төбесі опырылып түсті. Жапа шеккендер жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқыс оқиға бүгін 18.00 шамасында болған. Білім ошағында 300-ге тарта білім алып жүр. Енді олар оқуын қашықтықтан жалғастырады. Оқушылардың дәстүрлі оқу форматына қашан оралары белгісіз.
«2022 жылдың 4 сәуір күні Аққайың ауданының «Тоқшын мектеп-гимназиясы» КММ акт залының шатыры (негізгі ғимаратқа қосылып салынған бөлігінде) жартылай опырылды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына шұғыл түрде уәкілетті органдардың басшылары келді. Сондай-ақ мән-жайларды анықтау және шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды. Алдын ала жасалған болжамды себеп бойынша оқиға іргетастың шөгуі мен шатырдан жауын суының ағуынан орын алған. Мектепте 293 оқушы оқиды. Мәселені шешкенге дейін олар қашықтан сабақ оқиды. Биылғы жылы әкімдік мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге қосымша қаражат бөлді және келесі жұмыс түрлері қарастырылды: негізгі мектептің шатырын, акт залы мен интернат ғимаратының шатырын ауыстыру», - делінген облыстық білім басқармасы таратқан хабарламада.
Апат кезінде жапа шеккендер жоқ. Нысан биыл күрделі жөнделмек. Жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ұжым өз жұмысын басқа ғимаратта жалғастыруда.
Тоқшын ауылы облыс орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Нысан 1955 жылы халық игілігіне тапсырылған. Алдын-ала болжам бойынша оған жапсарлас тұрған акт залы төбенің құлауына ғимараттың іргетасының тозуы себеп. Өңірде 150 білім беру ошағы жедел түрде күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бұған дейін Петропавл қалалық мәдениет үйінің акт залының төбесі опырылып құлағанын жазған болатынбыз.
Эльмира Мәмбетқызы