$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Орал қаласының іргесіндегі елді мекенге әкімдік жол салып беретін болды

Тұрғындар елді мекендегі интернет сапасының нашарлығын айтып, шағымдарын жеткізген

Орал қаласының іргесіндегі елді мекенге әкімдік жол салып беретін болды
Фото ашық дереккөзден

Жуырда Azattyq Rýhy тілшісі Орал қаласының іргесіндегі Новостройка елді мекені тұрғындарының жол мәселесіне қатысты шағымын жазған болатын. Жергілікті жұртшылық әкімдер уәделерін орындамайтынын айтып, БАҚ өкілдерінен көмек сұрады.

Өз кезегінде Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.

«Орал қаласының Деркөл кентінде қазіргі таңда 30 мыңнан аса халық тұрады. Аталған кент құрамына төрт шағын аудан және бес елдімекен кіреді. 2020 жылы Деркөл кенті әкімдігі қайта құрылған болатын. Дербес әкімдік болып құрылған соң кенттегі қордаланған мәселелер жүйелі түрде шешіле бастады. Мақалада көрсетілген Новостройка елді мекенінде де тұрғындар игілігі үшін бірқатар жұмыстар атқарылуда. Былтыр ауылға балалар ойын алаңы орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған кузовты портал қойылды. Алдағы уақытта елді мекенге кешенді спорт және балалар ойын алаңын орнату жоспарланған», - делінген хабарламада.

Ал жол мәселесіне келер болсақ, баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Ветелки елді мекеніне дейін 16 шақырым жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жоба бойынша Новостройка елді мекеніне кірме жолды жөндеу қарастырылған екен.

«Жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтуде. Сараптаманың оң қорытындысы алынған соң жобаны жүзеге асыру үшін қаражат мәселесі қарастырылады. Новостройка елді мекеніне қоғамдық көлік тұрақты түрде қатынайды. Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен кент әкімдігі тарапынан қоғамдық көлік маршрутының қызметіне мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады. Новостройка ауылына кірме жол жөнделген соң автобустың ауылға кіріп-шығуы оңтайланады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар тұрғындар елді мекендегі инетернет сапасының нашарлығын айтып, шағымдарын жеткізген еді. Әкімдік бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары