Қазақстанда 1-сыныпқа қабылдау үшін 13 мыңнан астам онлайн-өтініш түсті
Құжаттарды 1 сәуірден бастап, 2022 жылғы 1 тамызға дейін тапсыруға болады

Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін 13 мыңнан астам электронды өтініш түсті. Қабылдаудың бірінші күні, яғни жұмада 10 мың, бүгін жұмыс күні басталғалы бері тағы 3 мың өтініш түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Білім және ғылым министрлігі азаматтарға ыңғайлы болуы үшін балаларды мектепке қабылдау қызметі автоматтандырылғанын еске салады. Бұл жұмыс eGov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды 1 сәуірден бастап, 2022 жылғы 1 тамызға дейін тапсыруға болады.
«Біз азаматтарға көрсетілетін барлық қызметті автоматтандыруға баса назар аударамыз. ҰБТ, барлық деңгейдегі олимпиада электронды форматқа көшірілді. Мұның көптеген артықшылығы бар, ең бастысы, барлық процестің ашықтығы. Біз ашықтықты және азаматтарға қолайлы жағдай жасауды қолдаймыз. Құжаттарды қабылдаудың бірінші күнінің өзінде eGov.kz порталы арқылы 10 мыңнан астам электронды өтініш келіп түсті. Мұндай сандар ҚР БҒМ-нің цифрлық мемлекеттік қызметтері азаматтар арасында танымал екенін көрсетеді», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.
Айта кетейік, 1-сыныпқа балаларды қабылдау ата-анасының немесе білім алушының заңды өкілінің жеке өтініші негізінде қабылданады. Сондай-ақ мынадай құжаттар қажет:
- баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
- 026/у-3 нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат;
- 063/у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы құжат және оқушының өлшемі 3х4 болатын екі фотосуреті (оқуға қабылдаудың Үлгілік қағидаларында ҚР БҒМ 2018 жылғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкес балаларды мектепке қабылдау тәртібі айқындалған).