Түркістан облысында 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды
Күдікті қамауға алынды
Түркістан облысында 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық ПД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол тұрғын үйлердің терезесін бұзып кіріп, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды ұрлап келген. Ал олжасын Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап отырған.
«Бұл қылмысты ашу мақсатында, криминалдық полиция басқармасының тәжірибелі жедел уәкілдері мен қазығұрттық полицейлерден жедел-тергеу тобын құрдық. Пәтер ұрысын ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шаралары іске асырылды. Қылмысты ашу бағытындағы арнайы іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, күдіктінің жеке басы анықталды. Ол мұның алдын да пәтер ұрлығымен сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты»,- деді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Тергеу барысында күдіктінің соңғы үш жыл ішінде 50-ден астам үйге ұрлыққа түскені анықталған. Өзі де Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында жасаған ұрлықтарын мойындаған.
«Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Айғақты зат ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды», - деді Құрманбек Сахов.