Өткен айда елімізде А4 форматындағы кеңсе қағазының бағасы орта есеппен 67%-ға өсті
Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалап жатыр
Биыл наурызда Қазақстан нарығында А4 форматындағы кеңсе қағазының бағасы орта есеппен 67% -ға өсті. Осы орайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қағаз бағасының өзгеру себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өткен жылы елімізге А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы (51 мың тонна) жеткізілді. Оның ішінде, 61% (31,3 мың тонна) Ресей Федерациясынан, 30% (15,1 мың тонна), Түркиядан және 8% (4 мың тонна) ҚХР-дан импортталды. Осылайша, Қазақстан нарығында А4 форматындағы қағаз өнімдерінің басым бөлігі «Снегурочка» және SvetoCopy брендтерімен ұсынылған», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, 2021 жылы отандық кәсіпорындар 600 мың қаптама А4 форматты қағаз шығарды.
«Биыл наурыз айына қарай бағалар орта есеппен бір мың теңгеге немесе 67%-ға өсті. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалап жатыр. Бағаның өзгеруі Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістерге байланысты және Ресейде кеңсе қағазын өндіру көлемінің қысқаруына орай орын алып отыр», - делінген мәлімдемеде.
Бүгінде Қазақстанда кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша 2 зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы аталған кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз өндіріп, ішкі нарықтағы тұтыну көлемінің 5%-ын қамтыған.
«Qagaz Ordasy» ЖШС жылына 3 млн бума, ал «Goida.kz» 3,6 млн А4 кеңсе қағазын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі РФ мен Финляндияда өндіріледі. Алайда, ресейлік зауыттар бұл компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері («Литан» ЖШС және «Резервснаб Плюс») арқылы саудалайды. Сәйкесінше, сауда-саттықты шектеп отыр», - деп жазылған ресми мәліметте.