Павлодардағы Қосағаш ауылында ұялы байланыс проблемасы шешілетін болды
Ол тиісті басқарма басшысына осы мәселемен айналысуды тапсырды
Бұл туралы Ертіс ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Панфилов ауылдық округі Қосағаш ауылы тұрғындарының бірі ұялы байланыстың нашарлығына қатысты проблеманы қозғады.
«Елді мекендердегі байланыс – өте өзекті мәселелердің бірі. Мен бұл проблема туралы білемін. Орталық мемлекеттік органдармен келістік. Бұл келісімдер байланыс мәселесін биыл шешуге мүмкіндік береді», - деді өңір басшысы.
Әбілқайыр Сқақов Ертіс ауданының әкімі мен өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысына осы мәселені шешумен белсенді айналысуды тапсырды.
Еске сала кетейік, өңір басшысы Ертіс ауданын екінші күн аралауда. Бірінші күні Әбілқайыр Сқақов жергілікті шаруа қожалықтарына барды. Ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу барысында Ертіс ауданының әрбір ауылында ауыл шаруашылығы өңдеу пункттерін ашу ұсынылды. Облыс әкімінің пікірінше, жергілікті тұрғындардан жыл бойы жұмыс алуға мүмкіндік болады.