Солтүстік Қазақстанда соңғы екі жылда 400-ден астам атау қазақшаланды
Соңғы 3 жылда өңірде 4 қазақ мектебі бой көтерді
Солтүстік Қазқстанда соңғы екі жылда 400-ден астам атау қазақшаланды. Өңірде жалпы білім беретін 461 мектептің 112-сі мемлекеттік тілде білім береді, ал 92 білім ошағы аралас мектеп саналады. Соңғы 3 жылда өңірде 4 қазақ мектебі бой көтерді. Дегенмен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында атқарылар жұмыс та аз емес. Azattyq Rýhy тілшісі «Қазақ тілі» қоғамы СҚО филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджановпен сұхбаттасқан еді.
- «Қазақ тілі» қоғамы ұйымы туралы айтып өтсеңіз?
- «Қазақ тілі» қоғамының негізін Академик Әбдуәли Қайдар мен ана тілдің абызы Өмірзақ Айтбайұлы ағаларымыз негізі қаланған еді. Бұл қадам алғаш «Тіл туралы» Заңның қабылдануына түрткі болды. Сол жылы Алматы қаласында алғашқы құрылтай ұйымдастырылып, «Қазақ тілі» қоғамының жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, міндеттері айқындалды. 1992 жылы 26 қарашада Алматыда республикалық «Қазақ тілі» қоғамының 2-құрылтайы болып өтті. Жиында жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебе иеленді. Соған сәйкес өзінің жаңа Жарғысын қабылдап, әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстар жайын айқындап алды. 1996 жылы 21 қарашада Алматы қаласында қоғамының 3-құрылтайы өтіп «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның жазылуына түрткі болды. Қоғамдық ұйым құрылтайы жүйелі түрде өтіп келеді. Әр басқосуда мемлекеттік тілге қатысты салмақты шешімдер қабылданады.
- Ұйымның негізгі ұстанымы қандай?
- «Қазақ тілі» қоғамының ұстанымы, мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлты ретінде, еліміздің Конституциясының 7 бабына сәйкес мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін арттыру, және де өзге ұлт өкілдерін кемсітпей, олардың ар-ожданына қайшы келмейтін іс-шаралар мен насихат жұмысын ұйымдастыру. Біз қанша жиналыс жасағанымызбен, мемлекет қанша қаулы шығарғанымен тұтас халық кіріспей, тіл тәуелсіздігі орнай қоймайды. Себебі көптеген басшы қол қойып, қол көтергенімен қағазға, іске келгенде анық жеріне жеткізіп, аяқтай алмай жататынымыз бар. Сондықтан «Қазақ тілі» қоғамының қайта жандануы, бұл мәселені халықтың өзі қолға алуы керек. Солтүстік Қазақстанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1992 жылдың ақпанында тіркелді. Бұл шаруаны ұлт жанашыры Қосыл Омаров қолына алды. Сол азаматтың түрткі болуымен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Петропавлда алғаш қазақ мектебі, қазіргі Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия ашылды.
- 30 жылда Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын қаншалықты кеңейте алдық?
- 30 жылда қазақ мектептерінің, университетте мемлекеттік тілде білім беретін мамандықтардың саны артты. Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 85 пайызы қазақ тілінде сөйлейді. Ол да қазақ тілінің аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың жемісі. Сондықтан 30 жылда ешқандай шара атқарылмады деуге болмайды. Ономастика бағытында да елдімекен атаулары қазақшаланып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
- Әкімдік тарапынан қолдау бар ма, болса қандай?
- Әкімдік тарапынан қолдау бар. Петропавл қаласы мен барлық аудандарды «Қазақ тілі» қоғамының филиалдары ашылды. Барлығы 15 ұйым бар. Қаржылай қолдау көрстету мәселесі де оңтайлы шешілетін болды. Аудандық филиалдарға да қаржы бөлу мәселесі жөнінде әкімдермен келіссөздер жүргізілді.
- «Қазақ тілі» - қоғамдық ұйым. Еліміздегі мыңдаған ұйымдардың бірі десе де болады. Ал оның тіл мәселесін шешуде қандай құзыреті болады?
- Соңғы 10 жылда қоғамдық ұйымның жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмегені рас. Дегенмен бұл олқылықтың орны толады. Тіл мәселесінің көтерілуіне Президенттің өзі бастамашы болып отыр. Мемлекет басшысы қоғамдық ұйымдарға баса мән беретінін жеткізді. Партиялар да қоғамдық ұйым болып табылады. Саяси ұйымды тіркеу тәртібі едәуір жеңілдетіледі. Бұл қадам өз жемісін береді деп ойлаймын. Сондықтан да біз филиалдардағы мүшелердің санын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені жер-су, көше, елді мекен атауларын өзгертсек те, филиалдың атынан ұсыныс істейміз. Қазір бұл мәселені жекелеген, 2-3 адамнан ғана көтеріп жүр.
- Ұйымның аудандардағы жұмысы қалай жүргізілмек?
- Барлығы мемлекеттік тіркеуден өтеді. Бұған дейін Солтүстік Қазақстанда 325 қоғамдық ұйым тіркелсе, оның басым бөлігі орыс тілінде жұмыс істейді. Біз өз филиалдарымызды ашу арқылы мемлекеттік тілде жұмыс істейтін ұйымдардың санын да арттырамыз.
- Ұйымның жұмыс жоспарымен бөліссеңіз?
- «Қазақ тілі» қоғамына белсенді ұлтқа жаны ашитын адамдарды тарту керек. Әлеуметтік желілерде өз парақшаларымыз болады. Аты-жөнін қазақша жаздыртуға байланысты мектеп, коллеждерде 9-11 сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырамыз. Қазақ балабақшасына баратын балғындардың барлығын қазақ сыныптарына беру жөнінде ата-аналармен жұмыс жүргіземіз. Орыс тілді балабақшалардағы қазақ балаларын қазақ тілді балабақшаларға тарту үшін ата-аналарымен кездесу жоспарланған. Мектептерде «Мен – қазақша сөйлеймін» атты акциялар ұйымдастырамыз. Ынталандыру үшін жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталады.
Қоғамдық бағытта да жұмыс жоспары бар. Банк, аурухана, «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Қалыққа қызмет көрсету орталығы» сынды ұйымдар мен жеке кәсіпорын, мекемелерде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы шеңберінде кездесулер ұйымдастырамыз. Облыстың «Киелі жерлеріне» отбасылық (Сырымбет, Ботай қонысы, Ағынтай-Қарасай, М.Жұмабаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қожаберген Жырау, Шал ақын және т.б.) танымдық-экскурсиялық турлар жасалады. Елді мекендердегі көрнекі ақпараттың заңға сәйкестігін тексеру мақсатында рейд ұйымдастырамыз. Айта берсек жоспар көп. Тек соны ойдағыдай жүзеге асыру маңызды.
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!