Cинтетикалық есірткіге тәуелділікпен күрес қалай жүргізіледі – сарапшылар пікірі
Елімізде 2020 жылдың қаңтар айында ғана ҚР ҚК 296-303-баптары бойынша 760 қылмыс тіркелген
«Соль», «кристалл», «меф», «скорость» деген атаулар жастар арасында да, түрлі сайттарда да жиі айтылып қана қоймай, көпшілігін өзіне тәуелді етіп алды. Тыйым салынған есірткілер де бүгінгі таңда онлайн бизнестің бір бөлігі. Есірткі алу үшін интернет пен смартфонның болуы жеткілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматыдағы «Наркостоп» жобасының кураторы Нұржан Жакуповтың айтуынша, есірткілерді адаммен тікелей байланыссыз сату жұмысын координациялап отыратын онлайн дүкендер мен лабораториялардың, курьерлердің қожайындары бар.
«Ол бастықтардың қайда отырғаны белгісіз, шетелде жүруі әбден мүмкін. Мұны кәсіпке айналдырып алғандар синтетикалық есірткілердің, оның ішінде мефедронның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін білетін және өзі пайдаланбайтын адам. Аймақтарда есірткі өндіретін зертханалар бар. Полиция қызметкерлері мұндай орталықтарды талай анықтаған. Олардың барлығы дерлік санитариялық талаптарға сай емес. Сондай-ақ, адаммен тікелей байланысқа түспей, лабораториядан наркотиктерді үлкен көлемде алып шығатын – кладмендер болады. Жаңағы кладмендер кішкентай пакеттермен курьерлерге тауарды локация бойынша таратуға береді. Осы схема кезінде полиция қызметкерлері курьерлерді тұтқындап, лабораторияларды анықтайды. Бірақ қожайынды ұстау өте қиын. Тұтынушыға қаншалықты жақынсың, ұсталып қалу қаупі де соншалық жоғары», - деді ол.
Ерікті эксперимент жүргізу мақсатында есірткі бизнесімен айналысатындардың қатарына телеграм-каналдар арқылы орналасып көрмек болған.
«Жұмыстың іште қалай жүретінін көргім келді. Оларға жұмысқа қабылдануыма бар болғаны екі сағат қана уақыт жұмсадым. Және ол адамдарға сенің жасыңның қаншада екені, кім екені маңызды емес. Ішкі схеманы сізге толықтай баяндап бере алмаймын, себебі, ертең оны алудың жолын білмей жүрген жастар үшін ақпарат болғанын қаламаймын. Бір өкініштісі, олар курьерлік қызметке жасөспірімдерді алады. Ол жасөспірімдер бастарын қаншалықты қауіпке тігіп жатқандарын сезінбейді десе болады, жеткізушілердің қызметтері үшін қомақты қаражат төленеді. Олардың орналасқан жерін анықтау қиын, себебі, осы апта бір мекенжайда орналасса, келесі аптада орындарын оңай-ақ ауыстыра салады. Тұтынушыларына QR-кодты пошта арқылы жібереді. Ең сорақысы бұл салада карьералық өсу бар. Бұл бизнестің басында менеджер, IT-мамандар мен түрлі конкурстар өткізіп, клиент тартумен айналысатын маркетологтар отырады», - деді Нұржан Жакупов.
Синтетикалық стимуляторлар мен эйфоретиктер (альфа-ПВП, эфедрон, экстаз) адамның орталық жүйке жүйесін қоздырып, эмпатия мен эйфория сезімін тудырады. Бірақ жасанды «ләззаттың» өтеуі тәуелді адам үшін қымбатқа түседі, дейді психотерапевт маман.
«Соңғы кездері есірткіге тәуелді адамдардың жасы төмендеп кетті. Емделуге ересектер ғана емес, мектеп оқушылары да келеді. Жасөспірімдер синтетикалық есірткілерді бесінші рет қабылдағаннан кейін, тәуелді болып қалып жатады. Есірткіге көп жағдайда ауқатты отбасынан шыққан балалар әуес келеді. Себебі оны сатып алудың өзі арзан тұрмайды», - деді ол.
Есірткіге тәуелді адамдарға стационардағы ем бір жылдан артық жүргізілуі мүмкін.
«Көп пациент детоксикациядан өтсек, бірден емделіп кетеміз деп ойлайды. Белгілі бір кезеңде науқасқа мотивация болу үшін мұндай тез емделу жолын жоққа шығармаймыз. Бірақ маманның басты міндеті – оның ағзасы «ломка» процесінен қаншалықты жиі өткенін, ремиссия болып, болмағанын көрсету. Екінші кезеңде уақыт жағынан төрт айға дейін созылуы мүмкін интенсивті психотерапияны іске қосамыз. Осыдан кейін науқас әлеуметтік реабилитация бөлімінде тоғыз ай емделеді. Қазақстанда стационарлық емнен өткендер наркологиялық есепте тұруды жалғастырады. Есірткіге тәуелділік мидың асқынған ауруы деп қарастырылады, ал емделу барысында есірткіні іздеу – аурудың өтіп жатқан бір кезеңі», - деді республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының ақпараттық-талдау мониторинг орталығының психиатр-дәрігері Гүлмира Сәдуақасова.
Сондай-ақ, дәрігер көп жағдайда науқастар емделіп шыққаннан кейін ары қарай қиындықтарды оңай еңсеремін деген иллюзия құрып алады дейді.
«Бірақ әлеуметпен байланыс, жаңа проблемаларға деген жауапкершілік пен қиындықтар туындағанда қайтадан есірткіден ем іздеу басталады. Осы кезде науқастар қайтадан көмек сұрап келеді. Бағдарламаны қайта өткеннен кейін, ремиссия тағы бір жарты жылға созылуы мүмкін. Әр адамда ол әрқалай болады. Емделіп шыққаннан кейін науқастарға темекі мен алкогольден алыс болғаны абзал, себебі, табак өнімдері де триггер болады», - деді дәрігер.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша, 2020 жылдың қаңтар айында ғана елімізде ҚР ҚК 296-303-баптары бойынша 760 қылмыс тіркелген. Олардың барлығы есірткіге байланысты. Ашылған қылмыс 55,9%-ды құрап отыр. Сонымен қатар, жылдан жылға есірткі заттарының жалпы массасындағы «синтетиканың» үлесі біртіндеп артып келеді. Олардың танымалдылығының өсуін құқық қорғау органдары осы препараттардың синтезі қарапайым және бағасы өте төмен болуымен байланысты дейді.