Асхат Оралов: Жандарбек Мәлібекұлы халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын Елтаңбамызда айшықтай білді
Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы жақында ғана 80 жасқа толды
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов қазақтың көрнекті сәулетшісі, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлын мерейлі 80 жасымен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына биыл – 30 жыл. Сонымен қатар, қазақтың көрнекті сәулетшісі, еліміздің басты рәміздерінің бірі – Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы жақында ғана 80 жасқа толды.
Осы орайда бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекеттік рәміздер және ұлт архитектурасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Еліміздің сәулет өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Жандарбек ағаны мерейлі жасымен арнайы барып құттықтадым», – деп жазды Асхат Оралов.
Ол Жандарбек Мәлібекұлын кейінгі буын үлгі тұтатынын айырықша атап өтті.
«Әрбір мемлекеттің рәмізі оның дүниетанымы, арман-мақсаты, философиясы мен қағидаты десек, бұл тұрғыда Жандарбек аға халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін, жалпы ұлттық құндылықтарымызды елдігіміздің арқауы – Елтаңбамызда айшықтай білді деп ойлаймын.
Елдік іске елеулі еңбек сіңірген Жандарбек ағаны кейінгі буын біздер үлгі тұтамыз. Бітім-болмысынан қазақ даласының дархандығы мен даналығы, бекзаттығы мен еркіндігі есіп тұратын ағамызға мықты денсаулық, сарқылмас қуат, ұзақ өмір және толайым табыс тілеймін!» – деді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы.