Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай шаруалар атқарылып жатыр?

Былтыр электрондық форматта қылмыстық істердің көрсеткіші барлық істің 77%-ын құраған

Фото ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар мен басқарушылық қателіктердің аражігін ажырату үшін электрондық форматта өтетін қылмыстық істердің үлесін арттырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Былтыр электрондық форматта қылмыстық істердің көрсеткіші барлық істің 77%-ын құраған. Яғни, 230 мың істің 178 мыңы электронды жүйеде жүргізілді.

«Адвокатты қорғаушы ретінде тағайындау, мемлекет кепілдік берген заң көмегін есептеу және төлеу процестерін автоматтандыру» және «е-Сараптама» (сот-медициналық сараптаманы тағайындауды автоматтандыру) пилоттық жобаларын іске асыру аяқталды. Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінде электрондық хаттамалар мен ұйғарымдардың 89%-ы (7,8 млн) жасалды. Әсіресе, ішкі істер органдары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары істерді электрондық форматта жүргізеді. Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі 920-дан астам заңсыз тексерудің жолын кесуге мүмкіндік берді», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктің былтырғы қорытынды есебінде.

Сонымен қатар, «Qamqor» мобильдік қосымшасының функционалы іске асырылған, онда 120 мыңнан астам кәсіпкер тексерудің нысанасы, мерзімі, құқықтық негіздері туралы хабарландыруды және оның нәтижелерін ала алды. Жоғарғы Сотта «Сыбайлас жемқорлықсыз соттар» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы краудсорсингтік платформа әзірленді, онда азаматтар соттардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымды, процестік емес байланыстарды және сот әдебі кодексін (фото, бейне және басқа да материалдарды қоса бере отырып) тез әрі оңай жолдай алады. Сынақтардың 96%-ы онлайн режимде өткізілген.

«Бұған қоса, бір көзден алу тәсілімен сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшысының жеке жауапкершілігі туралы нормалар енгізілді. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану бұзушылықтарды анықтау тиімділігін 1,5 есеге арттыра отырып, кедендік тексерулердің санын екі есе қысқартты. Тауарлардың кедендік құнына орталықтандырылған бақылауды (61 кеден бекеті) тек электрондық түрде жүзеге асыратын Электрондық декларациялау орталығы құрылды.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау қаупі жоғары лауазымдарға тағайындалған адамдарды полиграфологиялық тексеруден өткізу көзделген. Қатысқандардың 32%-ында (528-дің 172-сі) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға, қатысуға және жасыруға реакциясы анықталды», - делінген Антикордың мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектордың 5800-ден астам субъектісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі құрылған. «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында комплаенс қызметкерлері үшін 600-ден астам семинар өткізілді.

Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысының тиімділігін ғана емес, жалпы алғанда, мемлекеттік басқарудың сапасы мен тазалығын да көрсетеді. Осы мақсаттта бизнес-омбудсмен кеңсесінің тапсырысы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде бизнестің сыбайлас жемқорлыққа тартылуын зерделеу бойынша әлеуметтанушылық зерттеу жүргізілді,. Оған республика бойынша 17 өңірінден 5 884 респондент қатысты.

«Өңірлер бөлінісінде сыбайлас жемқорлық факторының бизнестің дамуына әсерінің едәуір төмендеуі Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Бұл ретте бизнеске сыбайлас жемқорлық қысымының артқанын Алматы және Шымкент қалаларында, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында атап өтуде.

Кәсіпкерлердің карантиндік шектеулер жағдайында мәселені сыбайлас жемқорлық арқылы шешу арқылы кәсіпорын шығындарын азайтуға деген қызығушылығының артуы байқалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік деңгейін айқындау мақсатында, Агенттіктің тапсырысы бойынша «Deltaplan» ЖШС еліміздің барлық өңірінде әлеуметтанушылық зерттеу жүргізді», - делінген Антикор мәлімдемесінде.

Белгілі болғандай, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 63,5%-ы бизнесті пара бермей дамыту мүмкін деп санайды. Сұралғандардың 86,3%-ы соңғы 12 айда күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларына тап болмаған, 69%-ы түбегейлі пара бермейді, 64%-ы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге жеке үлес қосуға дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге айтарлықтай үлес қосты, бірақ қоғамның сұраныстары мен жаңа сын-қатерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қайта жандандыруды талап етеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2026 жылдарға арналған жаңа стратегиялық құжат әзірленді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.